Түркістан облысында акватуризм мен заманауи балық шаруашылығын дамыту бойынша маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шаға ауылдық округіне арнайы барып, инвестормен кездесті. Кездесу барысында жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, аквотуризмді дамыту және заманауи балық шаруашылығы кластерін құру мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Қазіргі таңда Шаға жасанды көлі аймағы реттеліп, жаңа жобаны жүзеге асыру жұмысы басталып кетті.
Түркістан облысындағы бұл жобалардың бастамашысы – «GOLD FISH TURKISTAN» ЖШС. Акватуризмді дамытуға арналған жобаның құны – 1,5 млрд теңге, қуаттылығы маусымына – 100 000 адам. Жалпы аумағы – 8 гектар. Биыл жүзеге асатын жоба арқылы 25 адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жобаға ӘКК үлесінен жер бөлініп отыр. Жобаның құны – 1 млрд теңге. Жоба 2027 жылы толық іске қосылады деп күтілуде. Толығымен іске қосылған жайғадайда жылына 300-400 тонна балық өндіруді көздеп отыр. Бұл жерде 20 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. Айта кетсек, жобалар іске қосылғаннан кейін бұл аймақ балық шаруашылығы мен туристік орталыққа айналады. Сонымен бірге мұнда қонақ үйлер салынып, жағажай туризмі де дамиды деп көзделіп отыр.
Жобалардың іске асуы өңірдің экономикалық дамуына елеулі серпін береді деп күтілуде. Акватуризмнің дамуы жергілікті тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, экологиялық туризмді дамытуға да мүмкіндік береді. Бұл бағытта жасанды көлдер мен демалыс аймақтары сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, туристер үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Сондай-ақ, заманауи балық шаруашылығы кластерінің құрылуы жергілікті ауыл шаруашылығы саласын жаңаша бағытқа бұрады. Балық өнімдерінің өндірісі мен өңдеуі автоматтандырылған заманауи технологиялар арқылы жүргізілетіндіктен, өнім сапасы халықаралық стандарттарға сай болады деп жоспарланған. Бұл экспорттық әлеуетті арттырып, облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.
Аталған жобаларға тартылатын мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті колледждер мен оқу орталықтарымен бірлесе отырып, акватуризм және балық шаруашылығы саласында кәсіби кадрлар даярлау бағдарламалары енгізіледі. Бұл өз кезегінде жастардың жұмыспен қамтылуына және өңірдегі кәсіби мамандардың санын арттыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, жобалар экологиялық тұрақтылыққа ерекше мән береді. Жасанды көлдер мен балық өсіру алаңдарында су ресурстары тиімді пайдаланылады, табиғи экожүйеге әсер минималды болады. Бұл өңірдің экологиялық бейнесін сақтай отырып, туризм мен ауыл шаруашылығын үйлестіруге мүмкіндік береді. Жоба іске асқаннан кейін Түркістан облысы тек қана балық шаруашылығы мен туризм орталығы болып қалмай, өңірдің инфрақұрылымы да айтарлықтай дамиды. Қонақ үйлер мен демалыс аймақтары, жағажайлар мен ойын-сауық нысандары салынып, жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындары мен табыс көздері ашылады, ал туристер үшін аймақ тартымды демалыс орнына айналады.
