Қоғам
Масылдықтан ой-санамызды тазалап алуымыз керек

Масылдыққа бастайтын кез келген әдеттен, кез келген ой-пікірден санамызды тазалап алуымыз керек. Бізге неміс халқына тән ұқыптылық, жапондар мен қытайлықтарға тән еңбекқорлық жетпей жатыр. Әйтпесе, жеріміз бай. Тек соны ұқсата алмай отырған өзіміз. Қытайлар таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп, бір миллиардтан аса халық болса да, өз-өздерін асырап отыр. Мұның барлығы еңбек етуге деген жігердің, жанкештіліктің күштілігінен. Олар бірлесе еңбек етудің жолдарын жетік меңгеріп алған. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, ендігі кезекте бізге де бірлесе еңбек ету психологиясы ауадай қажет. Өзімшілдік ойдан, қарақан бастың қамын күйттеуден арылатын кез келді.

Менің кейде таңғалатыным, біз мақтанғанды жақсы көретін халықпыз. Думандатып той тойлағанды қалап тұрамыз. Мұның бәрін шектеу керек. Арқаны кеңге салып, той тойлап жүрудің заманы өтіп кетті. Бұдан былай бізге ұқыпты, тәртіпті өмір сүруді үйрену керек. Ал кез келген тәртіп адамның өз-өзін тәрбиелеуден басталады. Егер бізде «мен бұл қоғам үшін не істей аламын», «мемлекетіме, халқыма, еліме қандай көмек бере аламын» деген ой жүретін болса, біз масылдықтан, біреуге сеніп күн көрушіліктен, бос дарақылықтан, мақтаншақтықтан, жайбасарлықтан, өзімшілдік көзқарастардан құтылар едік. Мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілген ұлт болар едік. «Өзім, өзім» деп, өзімшілдікпен өмір сүретін адам жалғыз өзі ешуақытта көгермейді де, өспейді де. Өзара бірігіп, өзгеге де пайдасы тиетін еңбекті атқара білсек үлкен жетістіктерге жетеміз. Оны ғылымда «шығармашылық еңбек» дейді. Яғни, шығармашылық еңбектің ең бірінші шарты оның көпшілікке тиер пайдасы болуы. Абай айтпақшы, әр адам өзінен-өзі есеп ала отырып, еңбектің жолына түсуі керек. Сол себепті де менің ойымша, жұмыссыз жүргендердің басын қосып, бейімдейтін бір орталық керек сияқты. Бұл мәселені қоғамдық ұйымдар ұйымдар қолға алса жақсы болар еді. Ондай орталықтар жұмыссыз жүрген азаматтарға адами көмек көрсетсе, жастардың бойындағы дарынын ашуға көмектессе деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар құр сөз, декларация түрінде қалып қоймай, нақты істермен түйінделсе. Егер біз еңбекке жұмылған қоғам қалыптастырамыз десек, қоғамдық санаға серпінді өзгеріс керек. Екінші бір мәселе – «арамызда масылдар бар» деп оларды ешуақытта кеудесінен итеріп тастауға болмайды. Біз, ең алдымен, бір-біріміздің қамымызды ойлап, қол ұшын бере білуіміз қажет. Ел болу үшін біріміздің мүддемізді біріміз қорғауымыз керек. Сонда ғана масылдық деген ұғымнан түбегейлі арылатын боламыз.

Танымал психолог Анна Құдиярова масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептерден іздейді.

– «Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды, – дейді Анна Құдиярова. Оның айтуынша, әрбір бала өзінің айтқанын айналасындағы адамдарға орындатады. «Мысалы, бала «қыңқ» етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпеш­тейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сон­дықтан мұндай балалық психология әрқайсымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен ма­сылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. Еңбекке бірден құлшынбайды. Еңбек еткісі келмейді. Ерінбей еңбек етуді отбасында әке-шешеміз үйретсе, мектепте мұғалімдеріміз үйретеді. Адам еңбекке бірте-бірте дағдыланады. Басында біреу маған көмектесе қалса деген оймен жүріп, келе-келе оған өзінен басқа ешкім көмектеспейтінін түсінеді де, жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр болады. Сөйтіп, белгілі бір деңгейде біреуге масыл болудан арыла бастайды. Былайша айтқанда, өз күнін өзі көруге бейімделеді.

– Сіздің ойыңызша, масылдықтан құтылудың жолдары бар ма?

– Әрине, бұл үшін ең алдымен санаға әсер ету керек. Жақындарына, ағайындарына, қоғамға, үкіметке масыл болып жүрген адамдардың көзқарасын өзгертуіміз қажет. Барлығы да адамның өзіне байланысты екенін, қаласа жақсы еңбек істей алатынын, ізденсе, әйтеуір өз күнін өзі көріп кете алатынын ұғындыру керек. Бұл жұмыс бұқаралық сипат алуы керек деп есептеймін. Осы тақырыпқа түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар, телебағдарламалар ұйымдастырса, жақсы болар еді. Өз басым сондай адамдарды психологиялық машықтанудан өткізер едім. Біздің адамдарда психологиялық мәдениет жоқтың қасы. Ол өзінің жан дүниесін терең білмегендіктен, бойындағы дарынды, қабілетті дұрыс пайдалана алмайды. Осының әсерінен де өмірде жолы болмай жатады. Адам өзін жақсы біліп тұрса ғана өзіне көмектесе алады. Мүмкін сонда ол өзін бақытты ететін кәсіптің түрін тауып алар ма еді? Мен сізге өмірден мысал айтайын. Біздің орталыққа 32 жастағы келіншек келді. Оны бала кезінде ата-анасы балет оқуына берген. Бірақ балет өнері оған ұнамаса керек, өмірін сол жолға арнаса да, қазір бір мекемеде есепші болып жұмыс істейді екен. Ал өзінің шешімін шешесіне айтуға қорқып жүр. Міне, көрдіңіз бе, кейде біз жас баланың саусақтарына қарап «мынау музыкант» болады екен деп, оны музыка мектебіне апарамыз. Бұл дұрыс емес. Ол жерде баланың саусағына емес, жанына, ой-санасына, қабілетіне мән беруіміз керек. Мүмкін ол баладан жақсы мұғалім, спортшы, кәсіпкер, өндіріс маманы шыға­тын шығар. Осындай нәрселердің бәрі адам жанының психологиясын білмеуден туындап жатады. Адам кәсібін тауып, бақытты болса, масылдыққа бой алдырмайды. Ондай адам жұмыс істемей тұра алмайды.

– Кеңес уақыты кезінде бос жүрген адамдарға шара қолданатын еді ғой.

– Кеңес кезінде ондай заңдардың болғаны рас. Ол кезде де жұмыс істегісі келмейтін адамдар болды ғой. Өкімет бәрін жаппай еңбекке тартуға күш салды. Бірақ менің ойымша, ол кезде жұмыс істемей, бос жүргендер белгілі бір дәрежеде кеңестік жүйеге қарсы болғандар. Олар өзінің қарсылығын көрсету үшін де солай жасады ма деп ойлаймын. Жалпы адамды масыл деп кінәлаудан бұрын, масылдықтың себептерін анықтап алуымыз керек. Неліктен масыл болып отыр? Жұмысы жоқ па, білім жоқ па? Мүмкін жұмысқа тұра алмай жүрген шығар. Сол себептен жұмыс істемей жүрген адамдарды масыл деп айту қиын.

Біздің айтпағымыз, масылдық ол көктен түскен нәрсе емес. Ол адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам баласы өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана масылдықтан арылады. Нақтылай айтқанда, масылдық тек бүгін ғана пайда бола салған нәрсе емес. Сол себепті де оны түбегейлі жойып жіберу де қиынға соғары анық. Дегенмен, масылдықпен күресіп, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулып, жаппай қоғам болып еңбектің рөлін биіктеткенде ғана еліміздің дамуы, өркендеуі бірнеше сатыға жоғарыламақ.

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алғанын атап өткен болатын. «Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек» деген Мемлекет басшысының сөзі күрделі мәселені қоғам болып шешуіміз керектігін меңзеп тұрғандай.

Т.Қағибатов

Қатысты жаңалықтар

Масыл болма!

azatmedia

ТҮРКІСТАН: Қазығұртта кәсіпкерлік саласы жанданып келеді

azatmedia

ҚАЛА ДӘРІХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖАСАЛУДА

azatmedia