Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары 2026 жылғы алғашқы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі – ерте пісетін қырыққабатты нарыққа шығаруды бастады. Биылғы маусымның алғашқы өнімін алғашқылардың бірі болып «Қылышбек» шаруа қожалығы жинап, экспортқа жөнелтті.
Аталған шаруашылық кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпын өсіріп, алғашқы өнімін Ресей Федерациясына экспорттауда. Қожалық басшысы Сейсенбай Мусирманкуловтың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілді. Егіс барысында заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға ерекше мән берілген.
Қазіргі таңда қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден саудалануда. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Өнімді тасымалдау «Агрогруз» компаниясы арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, биылғы жылға арналған болжамдық егіс құрылымына сәйкес, Мақтаарал ауданы бойынша көкөніс дақылдары 1 404 гектар алқапқа орналастырылады. Оның ішінде қырыққабат дақылы 1 016 гектарға егілмек. Бүгінгі күнге дейін ерте пісетін қырыққабат 827 гектар аумаққа егіліп, алғашқы өнімдер нарыққа жол тартты.
Мақтааралдық шаруалар негізінен салмағы 1-1,5 келі аралығындағы қырыққабаттың «Ринда», «Пекин», «Пандион» сияқты жоғары сұранысқа ие сұрыптарын таңдаған. Бұл өнімдерге әсіресе Еуропа елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Сонымен қатар жергілікті диқандар ішкі нарықты да толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Өңірдің аграрлық әлеуетінің тағы бір ерекшелігі – жерді тиімді пайдалану мүмкіндігі. Ерте пісетін қырыққабат жиналғаннан кейін, диқандар сол алқаптарға қауын-қарбыз, мақта, жүгері және басқа да дақылдарды егуге кіріседі. Осылайша, жыл ішінде екі, тіпті үш мәрте өнім алу тәжірибесі кеңінен қолданылуда.
Айта кетейік, былтыр Мақтаарал ауданында 520 гектар жерге қырыққабат егілсе, нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Оның басым бөлігі Ресей және Беларусь елдеріне экспортталды.
Мақтааралдық диқандардың ерте өнімді нарыққа шығаруы өңірдің аграрлық бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсуде. Ерте пісетін көкөністердің уақытынан бұрын жиналуы шаруаларға жоғары бағада сатуға мүмкіндік беріп, табысын еселеуге жол ашады. Бұл тәжірибе ауыл шаруашылығы саласында тиімді агротехнологияларды қолданудың нақты нәтижесін көрсетеді.
Сонымен қатар, экспорт көлемінің артуы өңір экономикасына қосымша қаржы түсімін қамтамасыз етеді. Шетел нарықтарына сапалы өнім жеткізу арқылы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің беделі артып, халықаралық серіктестік байланыстар нығая түседі. Бұл бағытта логистика мен сақтау инфрақұрылымын дамыту да маңызды рөл атқарады.
Жергілікті шаруалардың жаңа сұрыптарды таңдап, заманауи суғару әдістерін қолдануы өнім сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Ғылыми негізделген тәсілдерді енгізу ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырудың басты факторларының бірі болып отыр. Жалпы, Мақтаарал ауданында қалыптасқан мұндай қарқын аграрлық саланың дамуына серпін беріп, өңірді еліміздің негізгі азық-түлік белдеулерінің біріне айналдыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да диқандардың тәжірибесі кеңейіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі арта түспек.
