Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді.

Отырыс барысында балалардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету және тәуекел тобындағы отбасылармен жұмысты жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаева «Қолдау алған және тәуекел тобындағы отбасылармен жұмыс» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлмира Төленова 2026 жылдың сәуір айында орын алған жағдайларға талдау нәтижесін ұсынды. Бұдан бөлек, Сайрам, Төлеби және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары тәуекел тобындағы балалармен жүргізілген ведомствоаралық жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді.

Комиссия отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік сипаттағы мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейту қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыру және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру – басты міндет. Бұл ретте білім беру ұйымдары мен отбасы институтының өзара іс-қимылын күшейту, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларға уақтылы қолдау көрсету аса маңызды, – деді Ертай Алтаев.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы тәуекел тобындағы балалардың тізімін қайта қарап, жаңарту, балаларға диагностика жүргізу және сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен жұмысты күшейту тапсырылды.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелеу, әрбір төтенше жағдайды жан-жақты зерделеу, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту міндеттелді.

Бұдан бөлек, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау жүйесін енгізу, педагог-психолог кабинеттерін талапқа сай жабдықтау және мереке, демалыс күндері кәмелетке толмағандардың бақылаусыз жиналуына жол бермеу бағытында шаралар қабылдау тапсырылды.

Аталған бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін цифрлық бақылау және талдау тетіктерін енгізудің де маңызы зор. Бұл өз кезегінде тәуекел тобындағы балаларды дер кезінде анықтап қана қоймай, әрбір жағдай бойынша нақты әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мектептер мен құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жүйелеу профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттыруға ықпал етпек. Сондай-ақ қоғам мен ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА

azatmedia

ШАРДАРА АУДАНЫНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОЛТҮСТІК ӨҢІРЛЕРГЕ ОҚУҒА ШАҚЫРУ ТУРЫ ӨТІП ЖАТЫР

azatmedia