Ақпарат

ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бүгін арнайы жұмыс сапарымен келген шетелдік кәсіпкер-инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды талқылады.

Кездесу барысында тараптар аудан аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған өндірістік жобалардың негізгі бағыттарына тоқталып, оларды іске асыру мүмкіндіктері мен кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарды жан-жақты қарастырды. Атап айтқанда, инвесторлар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыруға бағытталған су үнемдеу технологияларына арналған түрлі көлемдегі пластик құбырлар шығару және минералды тыңайтқыштар өндіру жобаларын қолға алуға ниетті екендерін жеткізді.

Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттырумен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, өңірдегі шаруалардың жұмысын жеңілдетуге өз үлесін қоспақ. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасының дамуына серпін береді, жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтуға жол ашады деп күтілуде.

Жүздесуде аудан басшысы инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары мен қолданыстағы жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, инфрақұрылыммен қамту, инвест-жобаларды сүйемелдеу жайында нақты ақпарат берілді.

Өз кезегінде шетелдік кәсіпкерлер ауданның инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта өзара тиімді әріптестік орнатуға және жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Аудан әкімі инвестиция тарту – өңірдің тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ұсынылған жобаларды жан-жақты қолдауға дайын екенін айтты. Жауапты сала басшыларына инвесторлармен бірлесіп нақты жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар, жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті кадрларды оқыту мен қайта даярлау мәселесіне де басымдық берілмек. Бұл өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, аудан тұрғындарының кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жаңа технологияларды игеру мен тиімді басқару тәжірибесі қалыптасады. Алдағы кезеңде мұндай ірі жобаларды іске асыру арқылы ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, сыртқы және ішкі инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптаса түседі. Бұл өз кезегінде экономиканың әртараптануына жол ашып, өңірдің тұрақты дамуына ұзақ мерзімді негіз қалыптастырады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

azatmedia

ТӨРТ МОБИЛЬДІ ТОП ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДАҒЫ 570 ОРЫНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

azatmedia