Жаңалықтар

«AMANAT»: БАЗЫНА ДА ТЫҢДАЛДЫ, АЛҒЫС ТА АЙТЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиевтың жеке қоғамдық қабылдауы бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан облысы әкімдігінің өкілдігінде болып өтті. Қабылдауға келген азаматтар тұрғылықты жерінде өзекті болып табылатын сұраныстарын көтерумен қатар, партияның ықпалымен шешімін тапқан мәселелер үшін ризашылықтарын білдіріп, ауыл тұрғындарының алғыстарын жеткізді.

Қабылдауға келіп, жеке базынасын білдірген тұрғындардың бірі Шымкент қаласының тұрғыны Жасұлан Нақыпбаев болды. Сауран ауданының тумасы болып табылатын азамат, 2024 жылдың қаңтар айында өткен Бабайқорған ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған сайлауға кандидатурасын ұсынып, қатысуға ниетті болғанын жеткізді. Сайлау комиссиясына ұсынған құжаттары толық болмай шыққанын, сол себепті кандидатурасы алынып тасталғанын айтты. Жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар екенін алға тартып, туған жерін түлетуге жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Тұрғын көтерген мәселені жіті тыңдаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, партияның өңірлік филиалы елге жанашыр азаматтарды қолдауға әрқашан дайын екенін айтты. Сайланбалы лауазымдарға ұсынылатын барлық кандидаттар тиісті заң нормаларымен бекітілген талаптарды сақтауға және орындауға міндетті екенін жеткізді. Сайлаудың басты принципі – барлық кандидатқа теңдей талап қойылуында және теңдей мүмкіндіктердің жасалуында екенін түсіндіріп, электоралды науқанға байланысты барлық заңсыздықтар жөнінде партияның өңірлік филиалына немесе сот органдарына шағым түсіруге болатынын мәлімдеді.

Ордабасы ауданының Аққойлы елді мекенінен келген Ерғали Жамалов ауылдағы жайылымдық жердің жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Осы ауылдағы «Ақбастау» жалпы орта мектебі ғимаратының шатырынан су өтетіні жөнінде шағымын білдірді. Тұрғын көтеріп жатқан мәселелерден хабардар екенін жеткізген Алтынсары Дүйсенбекұлы, облыс елді мекендерінде жалпыға ортақ жайылымдарды қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті. Партия өкілдері бұл мәселені «Жер аманаты» жобасы бойынша қадағалауға алғанын мәлімдеді. Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұратынын, елді мекендер ішінде мал жаятын орындардың тапшылығы жыл өткен сайын өзектілігі артып жатқанын айтты. Ортақ жайылымдық жерлерді жеке және заңды тұлғалардың иелігінен шығару жұмысы сот тәртібімен қаралып, ұзақ уақыт алатынын түсіндірді. Бұл бағытта баяулап болса да, қадамдар жасалып жатқанын мәлімдеді. Ордабасы ауданының Жусансай, Аққойлы елді мекендеріндегі жайылымдық жердің мәселесін «Жер аманаты» комиссиясының алдағы отырысында қарауға ұсыныс берілетінін жеткізді.

«Ақбастау» жалпы білім беретін мектебінің ғимараты бойынша мәселе Шұбарсу ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілді. Партияның өңірлік филиалы бұл мәселені бақылауға алды және Түркістан облыстық құрылыс басқармасы мен облыстық білім басқармасының назарына жеткізді», – деді партияның өңірлік филиалының төрағасы. Тұрғындардың талабы тыңдалған жиынға мектеп ғимаратының құрылысын жүргізген мердігер ұйымның өкілдері де шақыртылып, оларға нақтылы талаптар қойылды. Атап айтқанда, келісімшартта белгіленген кепілдік мерзімі ішінде анықталған барлық техникалық ақауларды ретке келтіру тапсырылды және бұл ұсыныстың орындалуы қатаң қадағалауға алынатыны түсіндірілді.

Қазығұрт ауданы Атажұрт елді мекенінің тұрғыны Талғат Ташев ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселесі бойынша сұранысын жеткізді. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес, Қызылқия ауылдық округінің Айнатас, Атажұрт елді мекендеріне, Келес өзенінің сол жағалауындағы жер телімдеріне газ жүйелерін тарту жұмыстарының жобасы әзірленуде. Бұл жұмыстар партияның бақылауында екенін айтқан Алтынсары Дүйсенбекұлы, осы аумақтан сайланған депутат ретінде мәселені жіті қадағалауында ұстайтынын жеткізді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды жобаның мерзімінде орындалуы партияның Қазығұрт аудандық филиалы да назарында ұстайтын болады.

Қоғамдық қабылдауға Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ елді мекенінен келген Сүйімбек Сымбат «AMANAT» партиясына шын ықыласты ризашылығын жеткізуге келгенін мәлімдеді. Аманаттықтарға алғысын жаудырып келген тұрғын, осыдан біршама уақыт бұрын партияның өңірлік филиалына хабарласып, Қайнарбұлақ ауылының үстінен өтетін облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойына жарықшамдар орнатылғанын, бірақ жарық берілмей тұрғаны туралы шағым айтқанын жеткізді. Партиялықтар бақылауына алған мәселе шешім тапқанын қуана жеткізіп, қайнарбұлақтық тұрғындардың атынан «AMANAT» партиясына шынайы алғысын білдіріп, халыққа пайдалы өркенді ісіне табыстар тіледі.

Қатысты жаңалықтар

ТАЗАЛЫҚ – АДАЛДЫҚҚА БАСТАЙТЫН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

azatmedia

ТҮРКІСТАН МАҢЫНДА ЖАСЫЛ АЛҚАП ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ БИЫЛ 180 ТОННА КӨЛЕМІНДЕ БАЛЫҚ ӨНІМІН ШЫҒАРДЫ

azatmedia