Жаңалықтар

СЫНТАСТАҒЫ СЫНДАРЛЫ ЖҮЗДЕСУ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының шалғай елді мекендердегі көшпелі қоғамдық қабылдауы бұл жолы Қазығұрт ауданының Қарабау ауылдық округі Сынтас елді мекенінде жалғасты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Саяси салмағы бар ұйым осылайша сайлаушыларына мейлінше жақын болуды мақсат тұтып, ауыл азаматтарының тұрмыстағы ахуалын жақсартуға жүйелі үлес қосуды жұмыс басымдығы етіп белгілеген.

«AMANAT» партиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Жақанұлы Қошановтың тікелей ұйытқы болуымен қабылданған «Құқықтық көмек» жобасы қатардағы сайлаушыларымыздың сұранысын дөп басқан бастамаға айналғанын осы жолғы қоғамдық қабылдауымыз да айқындап берді. Партияның өңірлік филиалы қоғаммен сындарлы байланыс орнықтыруда Түркістан облысындағы барлық мемлекеттік билік тармақтарын жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты мәселелеріне тереңірек үңілуге бағыттап, олардың оңтайлы шешім табуына бағдарлауда. Партия ашып берген алаңның барынша тиімді болуын үйлестіруде шешім қабылдауға құзыреті бар мемлекеттік қызметшілерді тұрғындар талабын тыңдауға жұмылдыруда.

Бүгін ауа-райы жаңбырлы болуына қарамастан, Сынтас ауылындағы спорт кешеніне жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Партияның үйлестіруімен өтіп жатқан көшпелі қоғамдық қабылдаудың мән-мазмұнын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев таныстырып, тұғындарды диалог алаңын мейлінше тиімді пайдаланып қалуға шақырды. Көшпелі қоғамдық қабылдаудың жұмысына Қазығүрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, Түркістан облыстық мәслихатына Қазығұрт ауданынан сайланған депутат Нұржан Аширов қатысып, азаматтар білдірген сұраныстарды тыңдады. Өңірлік партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақова азаматтар білдірген сұраныстардың тізбесін жүргізіп, олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

Тұрғындар өздерінің мәселелерін облыстық прокуратураның, құқық қорғау органдарының өңірлік құрылымдарының жауапты өкілдеріне, мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды азаматтарына, адвокаттар алқасының, нотариаттық палатаның, сот орындаушылар қауымдастығының мүшелеріне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменті мен облыстық ұйымдардың қызметкерлеріне, облыс әкімдігінің салалық басқармаларының және аудан әкімдігінің өкілдеріне, аудандық мәслихат депутаттарына қоюға мүмкіндік алып, сұраныстары бойынша нақты жауаптар алды.

Айта кету керек, партияның қызметін сервистік модель санатында ілгерілетуге жәрдемші болатын бұл кездесуімізде мемлекеттік билік институның өкілдері сайлаушыларымызбен жүздесіп, жергілікті аумаққа тән өзекті деген мәселелердің шешім табуына ықпал етті. Сондай-ақ мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауда азаматтар барлық инстанциялар бойынша жүгінулерін тұрғылықты жерінен шықпай, бір жерден жауап алуға мүмкіндік алды. Ауыз су мен ағын су проблемаларын шешу, байланыс сапасын арттыру, көшелерге асфальт төсеу, ойын алаңшаларын құру, білім беру нысандарын салу, медициналық ұйымдар желісін ұлғайту, спорт инфрақұрылымын жақсарту, жерге, баспанаға байланысты жергілікті тұрғындардың талап-тілектері хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Алдағы уақытта бұл мәселелер даму бағдарламалары мен қысқа мерзімді жоба-жоспарларға енгізілетін болады.

Азаматтардан түскен өтініштерді сұрыптайтын болсақ, көтерілген мәселелер әр салаға қатысты болды. Мәселен, Үлгілі елді мекенінен Ермахан Аршабаев, Сынтас ауылының тұрғыны Сүндет Керімов, Рабат ауылынан Ералы Сәрсенов, Жаңабазар ауылынан Жазира Танкеева «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберіндегі несиемен байланысты шағымдарын білдірсе, Тұрбат ауылының бір топ тұрғындары ауыз су, газбен қамту, электр желілерінің бағаналарын жаңарту мәселелерін қозғады. Ағын су, жол құрылысы, жол белгілерін орнату, денсаулық жағдайына байланысты медициналық сараптамадан өту мәселелері де жиі көтерілген мәселелердің қатарынан болды.

Өткізілген қабылдаудың қоғамға пайдалы бастама екенін Сынтас ауылының байырғы тұрғыны Шералы Сейдалиев айтты. Ауылдың 84 жастағы қариясы партиямызға шынайы алғысын жеткізе отырып, көптеген игі істер атқарылып жатқанына ризашылығын білдірді Халықтың талабын тыңдауға ден қойған, азаматтардың нақты сұраныстарын шешуге белсене кіріскен барлық азаматтарға ауыл тұрғындары атынан ризалығын жеткізіп, елімізге амандық, берекелі бірлік тіледі. 

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ҚАРҚЫНДЫ БАУ АУМАҒЫ 425 ГЕКТАРҒА ЖЕТТІ

azatmedia

Әлеуметтік желіні шулатқан ордабасылық мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатысты тың дерек шықты

azatmedia

ТҮРКІСТАН: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ИНСТИТУТЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia