Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Тама ауыз су жүйесінің құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысандағы құрылыс қарқынын көріп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, бұл жоба – аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық нысан.
Қазіргі таңда диаметрі 560 мм болатын полиэтилен су құбырының 32 шақырымы төселді. Жоба бойынша екі желі қарастырылған, жалпы ұзындығы – 64 шақырым. Бүгінде траншея қазу, құбырларды біріктіру, орнату және қысыммен сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 55 дана камералы құдық орнатылды.
Нысанда бұрғылау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге:
– 12 ұңғыма 185 метр тереңдікке дейін толық қазылып бітті;
– Қосымша 2 ұңғыма 110 метрге дейін қазылып, диаметрі 324 мм қаптама құбыр орнатылды;
– Қалған бөлігі 168 мм құбырмен 75 метрге дейін бұрғылануда.
Жалпы саны – 14 ұңғыма.
Екі бірдей 500 текше метрлік су резервуарының құрылысы аяқталуға жақын. Барлық негізгі бетон жұмыстары толық аяқталып, гидрооқшаулау жүргізілген. Ішкі әрлеу, жылу оқшаулау, желдету және жабу жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда сыртқы аумақты көму және қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қала аумағындағы резервуарлардың құрылысы да аяқталу сатысында. Қабырғалары құйылып, ішкі және сыртқы жұмыстар атқарылған. Қазір дренаж жүйесін орнату, желдету және үстіңгі қабатын реттеу жұмыстары жалғасуда.
Сорғы станциясының құрылысы толық аяқталуға жақын. Әкімшілік ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кәріз шұңқыры толық салынып бітті. Бақылау-өткізу бекеті мен қоршау жұмыстары жалғасуда.
Скважина мен сорғы станциясы, сондай-ақ резервуарлар арасындағы барлық инженерлік байланыстар толық орнатылған.
Құрылыс алаңында 28 техника мен 110 жұмысшы жұмылдырылған. Жоба толық іске асқанда аудан тұрғындары сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіліп, елді мекеннің инфрақұрылымдық әлеуеті айтарлықтай арта түседі. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
