Шардара ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Жиын комиссия төрағасы Б.Туребековтың төрағалығымен өткізілді.
Күн тәртібінде №3 Мәулен Қалмырза атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары қаралды. Хабарламаны мектеп директоры Б.Канайбекова жасады.
Мәліметке сәйкес, 2025–2026 оқу жылында аталған білім ордасында 255 оқушы білім алуда. Оқушылардың әлеуметтік жағдайы толық зерделеніп, көпбалалы, жартылай жетім, ажырасқан отбасы балалары мен шалғай елді мекендерден келетін оқушылар қамтылған. Жүргізілген талдау нәтижесінде тәуекел топтағы немесе жайсыз отбасы анықталмаған.
Кездесу барысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесі де ерекше назарға алынды. Мамандар психологиялық қолдау көрсетудің, сенімге негізделген диалог орнатудың және оқушылардың эмоциялық жағдайын бақылаудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл жастардың өз сезімдерін дұрыс бағытта пайдалануға, қиын жағдайларда көмек сұрауға және эмоционалды тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, рухани және моральдық құндылықтарды нығайту арқылы жасөспірімдерге өмірлік қиындықтарға қарсы тұру дағдылары үйретіледі. Оқушыларға отбасы мен мектеп қолдауын пайдалану, достық қарым-қатынас орнату және қауіп төнген жағдайда сенімді тұлғалармен байланысу жолдары көрсетілді. Мұндай шаралар жастардың психологиялық саулығын сақтау мен олардың жарқын әрі қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мектепте құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Педагог-психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілер және мектеп әкімшілігі бірлесе отырып, оқушылардың психологиялық ахуалы мен әлеуметтік жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды.
Жыл бойы «Заң және тәртіп», «Қауіпсіз балалық шақ», «Дін – тәрбие тірегі», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Әке – асқар тау» сынды тақырыптарда түрлі кездесулер, семинарлар, түсіндірме жұмыстары өткізілген. Құқық қорғау органдары қызметкерлері, теолог мамандар, дәрігерлер және ата-аналар белсенді түрде тартылған.
Сонымен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істеп, тәрбиелік іс-шаралар, акциялар мен кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Ата-аналармен байланыс та жүйелі жолға қойылған.
Атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде мектепте құқықбұзушылық фактілері тіркелмегені атап өтілді.
Мәжіліс барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, нақты міндеттер айқындалды. Комиссия жұмысы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
