Шардара ауданының әкімі А.Қарсыбаев аталған елді мекен тұрғындарының өтініштерін орындау мақсатында, ұзындығы 8 шақырымды құрайтын Жаушықұм–Қалғансыр аудандық маңыздағы автомобиль жолын салу үшін қаржы қаралды және мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Строительная компания «Строймонтаж»» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Жобаның жалпы құны – 483,0 млн теңге.
Жоба аясында 2025 жылы су өткізгіш құрылғылар орнату, темір-бетон құбырлар салу және жер төсемін тегістеу жұмыстары жүргізілді. Нысан 2026 жылға өтпелі болып белгіленген.
Ағымдағы жылы жаңа жол салу жұмыстары 2 сәуірден басталып, мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан жұмыстар қарқын алып келеді.
Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев аталған жол құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, бұл жолдың салынкын ауыл тұрғындары ұзақ уақыттан бері күтіп келген болатын. Жоба жүзеге асқаннан кейін елді мекендер арасындағы қатынас жақсарып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалады.
Жаңа жолдың құрылысы тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді. Ауыл тұрғындары үшін тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігі артып, білім беру және медициналық мекемелерге қатынау жеңілдейді.
Сонымен қатар, жол бойында қауіпсіздік шаралары мен жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері де назарға алынуда. Бұл тұрғындардың жолда қауіпсіз жүруін қамтамасыз етіп, апаттар мен оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа жол құрылысы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен логистикалық шығындарды азайтуға ықпал етеді. Бұл жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлерге өз өнімдерін тиімді әрі жылдам нарыққа жеткізуге мүмкіндік беріп, экономикалық белсенділікті арттырады. Алдағы уақытта жол бойындағы инфрақұрылым элементтері – аялдамалар, жарықтандыру және жол белгілері – толықтырылып, аудан тұрғындары үшін қауіпсіз және ыңғайлы қатынау ортасы қамтамасыз етіледі. Бұл жоба өңірдің тұрақты дамуына қосымша серпін береді.
