«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау алаңында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңір тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдады. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қоғамдық қабылдауға өңіріміз азаматтарынан әлеуметтік ахуал бойынша, оның ішінде денсаулық саласына сұрақтардың жиі түсетінін жеткізді. Сондықтан қабылдауға жазылғандардың қарасы да мол болды.
Сауран ауданы, Ынталы ауылының тұрғыны Орынбасар Бейсенбаевтың баласының жүрегіне жасанды түтікше орнатқан. Ұлына мүмкіндігі шектеулі ретінде жәрдемақы алып жүрген екен. Жуырда болған комиссия отырысында оны мүгедектік топтан шығарып тастапты. Басқарма басшынан осы мәселені зерделеп, қайта қарастырып беруді сұранды. Асхан Мархабайұлы шағымданушыға мүгедектік топ тағайындау денсаулық сақтау басқармасының құзіретіне кірмейтіндігін түсіндірді. Алайда, Еңбек және әлеуметтік қорғау коммитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қайта медициналық сараптама жүргізуге ұсыныс беріп, көмектесетінін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылының тұрғыны Бақытжан Жұмаділдә басқарма басшысына 2 сұрақ бойынша жазылыпты. Оның бірі, Түлкібас ауданындағы көмекке мұқтаж отбасының қызы Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасқысы келетінін, басқарма басшысы тарапынан қандай да бір көмек болса деген ұсынысын айтты. Өтініш иесін мұқият тыңдаған басқарма басшысы медбике мамандығы бойынша жұмысқа орналасу қолданыстағы заңнамалар аясында, яғни арнайы конкурс арқылы жүзеге асырылатындығын түсіндірді. Сонымен бірге, жұмысқа орналасқысы келетін мекемеде бос жұмыс орны бар-жоғын анықтап алу керек. Бақытжан Сүннәтұлының екінші сұрағы партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөрееваға бағытталды. Азамат мемлекет тарапынан кәсіпкерлікпен айналысу үшін қандай көмектер бар екендігін сұрайды. Қалыйма Жантөреқызы «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында өтініш білдірген азаматқа партия филиалы басшылығына өтініш жазу қажеттігі түсіндіріліп, өтініш жазу үлгісі ұсынылды.
Түркістандық Динара Абдуллаева Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында тұратын анасының дәрігерлер тарапынан тағайындалған емдік көмектерді алатынын, алайда қосымша жеңілдіктер қарастырып беруді өтінді. Асхан Марқабайұлы аудандық ауруханынң бас дәрігеріне тиісті құжаттарымен танысып, барлық емдік шараларды тегін жүргізіп, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қажеттігін жүктейтінін жеткізді. Бұрын тіркеуде тұрған емханаға тиісті деңгейде жұмыс істемегені үшін шара қабылдау бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Қоғамдық қабылдауға сонымен қатар, бұдан өзге де азаматтардан сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге ықпал етуін өтінгендер, елді мекендерге емхана қажеттігін сұрағандар да келді. Басқарма басшысы офлайн және онлайн өтінішпен шыққандардың барлығын да мұқият тыңдап, заң талаптары аясында жауап берді. Бірқатарының мәселесі қоғамдық қабылдау алаңында шешімін тапты. Енді біразының мәселесін өз бақылауына алып, назарда ұстамақ.
Келесі жаңалық