Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысының күн тәртібіне сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда оған төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы бірқатар бөлім басшылары баяндама жасады.
Жиында алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев мемлекеттік сатып алу саласында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету, тәуекелдердің алдын алу, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүргізілуі мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында қабылданған нақты шараларды баяндады.
Ал, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бекарыс Әбілдаев 2025 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы, мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген кездесулер мен семинарлар, дөңгелек үстелдер, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жайлы мәлімет берді.
Сонымен қатар, басқосу барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау шараларын әділ әрі ашық көрсету, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары талқыланды. Қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, баяндамашыларға нақты сұрақтар қойылды.
Жиын соңында аудан әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Барлық жауапты бөлімдерге алдын алу шараларын күшейту, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау және тұрғындармен кері байланысты нығайту бойынша нақты міндеттерді жүктеді.
