Бүгін Қазығұрт аудандық “Өнер мектебінің” ғимаратында Түркістан облыстық «Ардагерлер ұйымы» кеңесінің бастамасымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеудегі ардагерлердің, ата-аналар мен ұстаздардың рөлін арттыру, олардың арасындағы байланысты күшейтіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы күрделі өзгерістерге тоқталып, оған ықпал етудің тиімді жолдарын талқылау.
Аталмыш іс-шараға Түркістан облыстық «Ардагерлер ұйымы» кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, “Социалистік Еңбек Ері” Төле Ағабеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнұр Абилхасова, сондай-ақ аудандық бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, ауылдық «Әжелер алқасы» төрайымдары, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Әкелер мектебі» мен «Ардагерлер кеңесінің» өкілдері қатысты.
Кездесу жиынын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров ашып, семинардың мән-маңызын атап өтті. Ал, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі жөнінде мазмұнды баяндама жасап, бүгінгі қоғамда тәрбиенің алатын орнына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ семинар барысында Тұрбат ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Төле Ағабеков, Қызылқия ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Спабек Қонақбаев, Шанақ ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ерген Жорабеков, Қазығұрт ауылы «Әжелер алқасының» төрайымы Бағила Мұратқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнұр Айтбекқызы және аудан әкімінің орынбасары Мадияр Мұхтарұлы өз ой-пікірлерін білдіріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Семинар қатысушылары тәрбие мәселесінде отбасымен қатар, мектеп пен қоғамның, әсіресе ардагерлер мен үлкен буын өкілдерінің бірлескен жұмысы қажет екенін айтып, ұрпақ тәрбиесінде жаңа серпін беру үшін атқарылар жұмыстар мен ұсыныстарды ортаға салып, алдағы жоспарларды нақтылады.