Созақтық шаруалар жиын-терім науқанын бастады. Қазіргі таңда арпа дақылдарын орып, маусымдық жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков егіс алқаптарын аралап, науқан барысымен танысты.
Шаруалар биылғы өнімнің жоғары сапасына үміт артып отыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еңбеккерлер егінді уақытында жинап, сапалы дақылдарды алу үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.
«Камила РБР» ЖШС-і биыл 240 гектар алқапқа арпа ексе, «Өмір» қожалығы бидай өсірумен айналысуда. Қожалық басшыларымен тілдескен аудан басшысы өнім көлеміне және ауа райының әсеріне қатысты мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда шаруашылықтар өнім көлемін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізіп, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану тәсілдеріне басымдық беруде.
Айта кетейік, биыл аудан көлемінде 370 гектарға бидай, 1438 гектарға арпа дақылын еккен. Сондай-ақ, 1100 гектарға мақсары, 760 гектарға жүгері, жалпы көлемі 3668 гектар аумақты егін алқабы алып жатыр.
Шаруалар егін жинау науқаны барысында озық техникаларды пайдаланып, өнімділік көрсеткіштерін арттыруға тырысады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы техникаларының сапалы қызмет көрсетуі мен өнімдерді сақтау мәселелеріне көңіл бөледі.
Жалпы, Созақ ауданында егін шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асып, жаңа технологиялар мен инновациялық әдістер енгізілуде. Бұл шаралар ауданның аграрлық секторын одан әрі дамытуға ықпал етеді.