Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың белгілі бір тапсырмасына сәйкес, еліміздің әрбір аудан орталығында шахмат үйін ашу жобасы жүзеге асыру кезеңінде және бұл бастама кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Осыған байланысты Қазығұрт ауданында жаңа шахмат үйі ашылып, өзінің қызметін бастады.
Аталған шахмат үйі балалардың және жасөспірімдердің ойлау қабілетін дамытуға, логикалық және стратегиялық дағдыларын жетілдіруге бағытталған арнайы оқыту орталығы болып табылады. Мұнда балалар мен жас өрендер шахмат үйірмесіне тегін қатысып, шеберліктерін арттыра алады. Үйірмеге қатысушыларға кәсіби шахмат жаттықтырушылары арнайы бағдарламалар бойынша жеке немесе топтық сабақтар өткізеді, сондай-ақ түрлі деңгейдегі қалааралық және халықаралық жарыстарға дайындалуға мүмкіндік беріледі.
Жаңа нысан заманның барлық талаптарына сай жабдықталып, заманауи технологиялармен толықтырылған. Бұл, өз кезегінде, жастардың бос уақытын ақылды және тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік жасайды. Бұл жобаның жүзеге асырылуы – Президентіміздің дарынды ұрпақ тәрбиелеуге, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тапсырмасының нақты орындалуының бір көрінісі болып табылады.
Қазығұрттық жас өрендер үшін бұл орталық – шахмат өнерін меңгеру, білім мен бәсекеге қабілеттілікке апарар маңызды баспалдақ болмақ. Мұнда олар тек жеке даму жолында ғана емес, сондай-ақ қоғамдық ортада өз орнын табуға да үйренеді.
Жаңа шахмат үйінің ашылуы – Қазығұрт ауданы үшін тек спорт нысанының көбеюі емес, сонымен қатар зияткерлік әлеуеттің артуына бағытталған маңызды қадам. Мұндай орталықтар жас ұрпақтың тек шахмат ойнау шеберлігін ғана емес, жалпы ойлау жүйесін, мәселе шешу дағдыларын, сабыр мен төзімділікті қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді. Шахмат – баланың мінезін, ойлау тереңдігін және шешім қабылдау қабілетін дамытатын бірден-бір ойын түрі. Сондықтан бұл бастаманың жүзеге асуы – аудан болашағына жасалған инвестиция деуге толық негіз бар.
Сондай-ақ, жаңа нысан өңірде спорттық және мәдени өмірді жандандырып, жастардың зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, пайдалы іспен айналысуына жағдай жасайды. Мұнда білім мен тәрбие, спорт пен тәртіп қатар жүреді. Жаттықтырушылар мен оқытушылар тек шахмат ойнауды ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың бойына патриоттық сезім сіңіруге де атсалыспақ. Алдағы уақытта бұл шахмат үйі Қазығұрт ауданынан республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өнер көрсететін шахматшылардың шығуына негіз болары сөзсіз.