Түркістан облысы, Байдібек ауданында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен, ұлттық өнерімізді дәріптеуге және жас буынға рухани тәрбие беруге бағытталған облыстық “Ауыл LIFE” сайысы жоғары деңгейде өтті. Бұл байқау – ауыл жастарының шығармашылық қабілетін дамытуға арналған ауқымды жоба ретінде ерекшеленді.
Сайысқа облыстың әр аудан-қалаларынан келген жас айтыскер ақындар қатысып, өзара жұптасып айтысып, шеберлік пен суырыпсалмалық өнерін сынға салды. Бірнеше айналымнан тұратын бұл додада үздік шыққан қатысушылар финалдық кезеңге жолдама алды.
Айтыс өнері бойынша өткен бұл тартысты әрі мағыналы бәйгеде Қазығұрт ауданынан қатысқан жас талант Аян Маратұлы ерекше қабілетімен көзге түсіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп, жүлделі II орынды жеңіп алды!
Бұл жетістік – тек Аянның жеке жеңісі ғана емес, жалпы Қазығұрт өңіріндегі дарынды жастардың биік деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Бұл – Қазығұрт жастарының ортақ жеңісі, рухани табысы!
Жас ақын Аян Маратұлына алдағы уақытта шығармашылық табыс, шабыт пен жарқын жеңістер тілейміз!