Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жілігін шағып, жемісін көргісі келетін азаматтар қатары күн сайын артуда. 2024 жылдың маусым және тамыз айларында ауданымызда бірқатар аудан тұрғындары мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бастаған. Осы ретте, бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бірқатар жас кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысып,бастаған істеріне сәттілік тіледі.
Алдымен, Көктерек ауылдық округінің тұрғыны, отбасылық кәсіпті жолға қойған Бағила Худаярованың шаңырағына барып, бөдене шаруашылығын көрді. Ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана 2024 жылдың маусым айында 1 476 800 теңге көлемінде мемлекеттен грант алып, «Бөдене шаруашылығы» жобасын іске қосқан.
Үй жағдайында кәсібін дөңгелетіп отырған Бағила алғашқы қаражатқа 1000 бас бөдене мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Жас кәсіпкер айына 2500-3000 дана бөдене жұмыртқасын оған қоса, ет өнімін алып, Көктерек ауылдық округіндегі шипажайларға саудалауда.Келесі кезекте, аудан басшысы көпбалалы әке Азамат Тілепбаевтың цехінің жүмысымен танысып, ұлттық қолөнерді дәріптеу бағытындағы кәсібін жоғары бағалады. Көпбалалы әке ат әбзелдерін тігетін цех ашқан. Жас кәсіпкердің айтуынша өнімге сұраныс күннен күнге артуда.
Сонымен қатар, аудан әкімі Гаухар Мұратованың тігін цехының жұмыс барысын бақылап, оң бағасын берді. Көпбалалы ана 2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік қолдауға ие болып, тігін цехын ашқан. Цехте балаларға арналған киімдер тігіліп, еліміздің түпкір-түпкіріне тасымалдануда. Жас кәсіпкер алдағы уақытта тігін фабрикасын ашуды жоспарлауда.
Айта кетсек, бұл жобалар — тек жеке табыс көзі емес, сонымен қатар ауданымыздың экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлкен үлес қосады.