Бүгін Бәйдібек ауданының әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлының төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшылары қатысты.Кеңейтілген аппарат мәжілісінің күн тәртібінде төрт негізгі мәселе қаралды.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тұрымбекова Мейрамкүл Елбосынқызы 2025 жылдың 5 айындағы негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы, межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу жоспары және 2025 жылғы 5 айдың қорытындысымен аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуы жөнінде баяндама жасап, есеп берді.
Аталған мәселелер бойынша 5 ай қорытындысымен аудандық білім бөлімінде жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайының 2-ге өсуі атап өтіліп, бөлім басшысы Ерболат Аманұлына тиісті шараларды жедел қабылдау тапсырылды. Аудандық полиция бөлімі бойынша да бірқатар көрсеткіштердің орындалмағаны айтылып, бөлім басшылығы тарапынан жұмыстардың жеткіліксіздігі сынға алынды.
Сонымен қатар, аудан басшысы бюджет жоспарының толық әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алуды және бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жүргізілуін аудан әкімінің орынбасарына жүктеді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әуелбеков Қанат Көшербайұлы дала өрттерінің алдын алу және жазғы шомылу маусымына дайындық барысы туралы баяндама жасады.
Мәжіліс барысында аудан аумағындағы өрт қаупі бар аймақтарда қауіпсіздік шараларын күшейту, суға шомылу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Қажетті алдын алу жұмыстарының уақытылы атқарылуы тапсырылды.
Аудандық «Бәйдібек су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Мұнашов Шыныбек Балқыбекұлы 2025 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.
Аудан басшысы ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше назар аударып, бірқатар ауылдық елді мекендердегі (Ақбастау, Ағыбет, Боралдай) ауыз су берудегі кемшіліктерді сынға алды. Сонымен қатар, Боралдай елді мекенінде екі апта бұрын тапсырылған орталық су жүйесінің іске қосылмауы мен Бірлік елді мекеніне орнатылуы тиіс су сүзгіш құрылғысының уақытында орнатылмағаны үшін жауаптылардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов барлық бөлім, мекеме және ауылдық округ әкімдеріне берілген тапсырмалардың сапалы және белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Барлық көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізілді.