Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіловтың төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиынның басты мақсаты – жергілікті деңгейде ҮЕҰ-мен тиімді ынтымақтастық орнатып, қоғамдық мәселелер бойынша өзара ашық пікір алмасу, нақты ұсыныстар әзірлеу және оларды жүзеге асыру жолдарын бірлесе қарастыру болды. Сонымен қатар, кеңестің аумақтық және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру міндеті де айқындалды.
Кеңес отырысында Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев, Ордабасы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ пен «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрайымы, кеңес төрағасының орынбасары Инара Намазбаева баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын, сондай-ақ олардың әлеуметтік және экономикалық даму саласындағы ықпалы туралы айтып өтті. Сонымен бірге, отырыс барысында кеңес мүшелері өзара пікір алмасып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқарылатын жұмыстар жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Жиынның қорытындысы бойынша нақты қадамдар мен жұмыстарды іске асыру үшін әрбір ұсыныс жіті талданып, әрі қарай жүзеге асырылу жоспары жасалды.