«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданының Дербісек ауылдық округіндегі ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу мақсатында қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағдарлама ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы танысты. Өңір басшысы құрылыс алаңында болып, жұмыстардың сапасын және атқарушы мекемелердің жауапкершілігін нақты тексерді.
Аудан басшысы жол сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жұмыстар халықтың қозғалысын жеңілдетіп, көлік қатынасының тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту мақсатында нақты тапсырмалар берді. Жолдардың сапасы мен ұзақ мерзімді пайдаланылуына басты назар аударылды.
Жалпы, Дербісек ауылдық округі бойынша 31 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар жергілікті тұрғындар үшін маңызды, себебі ауылдардың ішкі жолдарын жаңарту ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына үлкен ықпал етеді. Атап айтқанда, 15 көшенің жолы «Bairkum company» ЖШС-і, 16 көшенің жолы «Artd group» ЖШС-і тарапынан жөнделеді. Қазіргі таңда аталған компаниялар әртүрлі көшелерде асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда Құралов көшесіне «Bairkum company» ЖШС, Ә.Молдағұлова көшесіне «Artd group» ЖШС-і тарапынан асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, аудан басшысы Дербісек ауылдық округінде орналасқан №76 жалпы білім беретін мектебіне барып, жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасына жіті назар аударды. Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің жағдайын жақсарту арқылы балаларға комфортты әрі қауіпсіз орта жасау көзделуде. Мердігер мекемеге тапсырысты мерзімінде аяқтау қажет екенін ескертті. Бұл жөндеу жұмыстары мектептегі оқу процессінің үздіксіз әрі тиімді жүруін қамтамасыз етуге бағытталған.