Бүгін «Үлес» қайырымдылық қоры өзінің игі істерінің жалғасы ретінде Түркістан қаласында тұратын І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Ахлиддинов Арман мен жұбайы Лена Ахлиддиноваға жаңа баспана табыстады. Бұл — қор тарапынан берілген 50-ші баспана болып табылады. Қордың ұсынған жаңа баспанасы — отбасына өмірлік қиындықтарын жеңіп, жаңа бастамаға жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қуанышына ортақтасқан Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы арнайы сый-сияпатымен жаңа баспананың кілтін табыстады. Бұл іс-шара қордың қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігін білдіріп, адамгершілік құндылықтарын насихаттауға ықпал етеді.
Арман Ахлиддинов — көру қабілетінен айрылған ардагер ақсақал, ал жұбайы Лена — арбаға таңылған азаматша. Қиындықтарға қарамастан, бұл отбасы өмірге құлшыныспен қарап, ұлдарын тәрбиелеуде. Отбасының күнделікті өмірі ауыртпалыққа толы болса да, олар өздерінің жағдайларын жеңіп, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады. Қазіргі таңда олардың жалғыз ұлы жалпы орта мектептің 9-сыныбында білім алуда. Бала тәрбиелеудегі ата-аналардың еңбегі орасан зор.
Жанұяның негізгі табыс көзі — мемлекет тарапынан берілетін мүгедектікке байланысты әлеуметтік жәрдемақы және өзге де мемлекеттік қолдау түрлері. Осындай өмірлік жағдайларды ескере отырып, «Үлес» қайырымдылық қоры бұл отбасына баспана сыйлады. Бұл жомарттық қадам — қордың елдің әлеуметтік әлсіз топтарына деген қолдауы мен қамқорлығының көрінісі.
Жаңа тұрғын үйге ие болған отбасы әкімдік пен қордың қайырымды ақсақалдарына шынайы алғысын білдіріп, олардың осындай ұлық істеріне сәттілік тілеп, алдағы уақытта да елге көмек көрсету жолында бірге жұмыс істеуге ниетті екенін айтты. Бұл жомарттық қадам ұлтымыздың бірлігі мен тірлігіне деген ұлы сенімнің белгісі.