Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіндегі жұмыс сапары барысында Достық елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы жұмыс сапасын басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Аталған нысанда сыйымдылығы 500 текше метр болатын суқойма, сорғы станциялар, қуаттылығы 63 кВат болатын трансформатор, сонымен қатар жалпы ұзындығы 63,4 шақырымды құрайтын су құбыры болады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары тек техникалық талаптарға сай емес, тұрғындардың жағдайын ескере отырып жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 85%-ға аяқталып, жоба кестеге сай қарқынды жүзеге асырылуда.
Бұл жоба Достық ауылындағы 4 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарына арналған жаңа су жүйесі, әсіресе жаз айларында болатын су тапшылығын болдырмауға септігін тигізеді.
Жобаның іске асуы Достық тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа жүйе су қысымын тұрақтандырып, ақаулардың алдын алады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Жартытөбе ауылдық округіне арнайы іссапарымен барып, Төңкеріс елді мекенін сапалы электр желісімен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемеге тиісті тапсырмалар берді. Жоба белгіленген мерзімде және талаптарға сай аяқталуы тиіс екенін ескертті.
Айта кетейік, Төңкеріс ауылында электр жүйесінің жаңартылуы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға да үлкен әсер ететін болады.
Төңкеріс елді мекенін сапалы электр желісімен қамту мақсатында жалпы ұзындығы 7,6 шақырым электр желілерін тарту қарастырылған. Бүгінде, 4 дана трансформатор қондырғысы және 169 электр бағанасы орнатылған.
Құрылыс жұмыстарының аяқталуы барысында Төңкеріс тұрғындарының электрмен жабдықталуы сапалы әрі тұрақты болады, бұл ауылдағы бизнестің дамуына да ықпал етеді. Құрылыс жұмыстары 95%-ға орындалған.