ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕКТЕП ЖИҺАЗДАРЫ САУРАНДА ӨНДІРІЛЕДІ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен барды. Ол ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады.
Сапар барысында халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді. Сонымен қатар, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты.
Бұл кәсіпорын білім беру саласында маңызды рөл атқарады. Мектеп жиһаздарын өндірумен айналысатын компания, оқу орындарының қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы және ұзақ мерзімді өнімдер ұсынады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен.
Қазіргі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы артып, ұлттық жобаларға да үлес қосуда. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде.
Компанияның өндірістік желісі қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталып, үнемі жаңартып отырады. Мұнда оқушылар мен мұғалімдер үшін ыңғайлы және функционалды жиһаздар жасалады, бұл оқу процесін сапалы ұйымдастыруға әсер етеді.
Сондай-ақ, кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады. Бұл серіктестік қазақстандық медициналық мекемелер үшін сапалы құрал-жабдықтар өндіру арқылы, денсаулық сақтау саласындағы сұранысты қанағаттандыруды көздейді.