Ақпарат

САУРАН АУДАНЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢДАРЫ САЛЫНАДЫ

Сауран ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен танысты. Шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.

Қайрат Рахымұлы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан “Түркістан Ет өнімдері” ЖШС-ң мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын аралап көрді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.

– Сауран ауданының аграрлық саласын дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынуда. Бұл жоба да өз кезегінде ауыл шаруашылығын жандандырып, ет өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған.

Бұл жобаның аймақ экономикасына қосар үлесі зор, себебі ол тек мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы да жақсартуға бағытталған. Оның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеруде. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.

Жобаның іске асуы мал шаруашылығын ұтымды ұйымдастыруға және өнімділікті арттыруға үлкен ықпал етеді. Бұл ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін экономикалық белсенділікті күшейтетін маңызды қадам болып табылады.

Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, жұмыс үрдісін оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады.

Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті барлық қызмет түрлері бір алаңда ұсынылып, бұл олардың жұмысының тиімділігін арттырады. Ең маңыздысы, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.

Қатысты жаңалықтар

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ 40 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ КЕЛДІ

azatmedia

СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ ШАРДАРА ҚАЛАСЫНЫҢ АУЫЗ СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

КЕЛЕС АУДАНЫНДА 33,8 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

azatmedia