Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов Арыс ауылдық округіне қарасты Қожақорған елді мекенінде салынып жатқан «Х.Хайтенов» атындағы жеке меншік мектептің құрылыс барысымен танысты. Аудан басшысы нысанды аралау барысында мердігер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен құрылыс қарқынына, сондай-ақ болашақ білім ұясының оқушылар үшін қолайлы болуына ерекше назар аударды.
Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Мектеп 2025-2026 жаңа оқу жылының басында оқушыларды қабылдайды деп жоспарланып отыр. Жобалық қуаттылығы 800 орынға арналған бұл заманауи білім ордасы қазіргі талаптарға сай жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Сабитов Арыс ауылдық округіне қарасты Нұржанқорған және Қожақорған елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Ол тиісті бөлім басшыларымен және мердігер мекеме өкілдерімен бірге құрылыс алаңдарын аралап, нысандардың жобалық талаптарға сай жүргізілу барысын тексерді.
Қазіргі таңда елді мекендерде ауыз су жүйесін тарту жұмыстары белсенді түрде атқарылуда. Аталған инфрақұрылымдық жобаның мақсаты — ауыл тұрғындарын сапалы және тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік жағдайына оң әсер етпек.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, бақылау тұрақты жүргізілетінін қадап айтты.