Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жұмыс жоспарына сәйкес әр екі апта сайын құрылыс жұмыстарының басында болып, құрылыс қарқыны мен сапасын тексеру жоспарланған. Осы ретте, бүгін аудан басшысының Жібек жолы ауылдық округіне жұмыс сапары барысында жүргізіліп құрылыс жұмыстарын пысықтады.
Бүгінде округтегі ауыз су жүйесін жаңарту және тұрғындарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы Жібек жолы елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалу барысын қадағалап,бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Жібек жолы елді мекенін ауыз сумен қамту жобасы бойынша 51 шақырым ауыз су құбыры тартылып, су қоймасының құрылысы қарқынды түрде атқарылуда.
Келесі кезекте аудан әкімі аталған елді мекенде салынып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауылдық округ әкіміне тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, жобаның сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
Аталған елді мекенге балалар ойын алаңшасын орнату үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып, биыл маусым айында құрылысы басталған. Жобаға жауапты мердігер ЖК «Арман».