Ақпарат

ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ АЛТЫН БЕСІК МЕКЕНІНДЕ «КІТАП-AMANAT» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен өңіріміздегі екінші «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығы ашылды. Партиямыздың Түлкібас аудандық филиалында қызмет көрсететін бұл орталық тұрғындардың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, азаматтарды кітап оқуға ынталандыру, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдау алаңын қалыптастыру міндетін көздейді. Партиямыз бастамашыл болған бұл жоба еліміздегі қазіргі заман авторларының шығармаларын жұртшылыққа таныстыруды, оларды сатып алуға мүмкіндік жасауды, идеологиялық басымдық ретінде ұлттық әдебиетімізді ілгерілетуді мақсат тұтады.
Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев тағлымы терең Түлкібас төрі ұлт мақтанышына айналған кемеңгерлердің алтын бесік туған жері екенін айтты. Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт, Зауытбек Тұрысбеков және басқа да қазақтың шамшырағындай болған тұғырлы тұлғалардың кіндігі байланған мекенде білімге бастайтын, руханиятқа жетелейтін орталықтың ашылуын үлкен жетістік деп бағалады.
«Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу деген болатын. Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз үшін қоғамда кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыруымыз қажет деп нақты атап көрсетті. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен «Кітап-AMANAT» жобасы қолға алынып, партиямыз ашып берген алаңдарда отандық жазушылар, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа кітаптардың таныстырылымдары мен талқылаулар өтуде. Осылайша, біз жазушылар мен баспагерлерге оқырмандарын табуға жәрдем көрсетіп, жұртшылығымызды кітап оқуға ынталандырып келеміз», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Оқырманды кітап әлеміндегі соңғы жаңалықтармен таныстыратын, баспадан жаңадан шыққан туындылармен табыстыратын бірегей орталықтың ашылуына партияның өңірлік филиалы төрағасының әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түлкібас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев, аудандық мәслихат депутаттары, партия өкілдері, бастауыш ұйымдардың белсенділері, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, жанашыр тұрғындар, кітапхана ісінің майталмандары, жастар қатысты.
Айта кету керек, «Кітап-AMANAT» жобасы шеңберіндегі алғашқы мәдени-ағартушылық орталық Түркістан облысында бұған дейін өткен жылдың желтоқсан айында Жетісай қаласында ашылған болатын. Еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесінде ашылған бұл орталық шекаралық аймақ тұрғындарын қазақ тілінде жарық көрген қазіргі заман әдебиетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік ашқан еді. Кітап алаңының осы мазмұндағы қызметі енді Түлкібас ауданының орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылында жалғасып, көптеген этнос өкілдерінің берекелі шаңырағы боп отырған аймақ тұрғындарын қазақ тіліндегі әдебиетпен қауыштырады.

Қатысты жаңалықтар

КЕНШІЛЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨРКЕНДІ ДАМУДЫ ҚОЛДАЙДЫ

azatmedia

МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

azatmedia

Індет жұқтырған дәрігер әлі өтемақысын ала алмай жүр

azatmedia