Түркістан облысында барлық жер қоры 11 млн. 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағысы – 4527,3 мың гектар, елді мекендер – 807,8 мың гектар, өнеркәсіп, байланыс және басқа да мақсатында – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аймақ – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 029,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар, босалқы – 2 539 мың гектар. Министрлік тарапынан бекітілген жоспар бойынша ведомствоаралық кіші топ тарапынан осы жылға облыста 110 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 129,6 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 117,8 пайызға орындалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл әкімдерінің форумында ауылдың жағдайын жақсартуды тапсырды. Оның ішінде жайылым мәселесі де бар. Тұрғындардың мал жаюға арналған жерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Елді мекендер айналасындағы қоғамдық жайылымдардың қазіргі жай-күйін зерделеп, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жайылым жерді анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Мақсат – жерді қайтару емес, оны халық игілігіне тиімді пайдалану, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат мәжілісінде Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің қоғамдық жайылым жерлерді қайтару жұмыстарының барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылып, аудан, қала әкімдіктері бойынша 3960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жерлеріне мал басының тіркелмегендігі анықталған. Аудан, қала әкімдіктеріне 224,1 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітіліп, нәтижесінде 219,7 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспар 98 пайызға орындалды.
Аудан, қала әкімдіктері тарапынан Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жер учаскелеріне қатысты құжаттар ұсынылып, департамент тарапынан 93,3 мың гектар жер учаскелерін пайдаланушыларға нұсқама берілді. Одан бөлек, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2316 жер пайдаланушының 465,2 мың гектар жер учаскесін мақсатына сай пайданбағандығы анықталды. Департамент тарапынан 403 жер пайдаланушыға 93,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты нұсқамалар берілді. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері тарапынан 1177 жер пайдаланушыға 258,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты хабарлама берілді.
2024 жылдың басында қоғамдық жайылым жер тапшылығы 608 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға жайылым тапшылығы 539,8 мың гектарды құрады.
Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 144,9 мың гектар жерді айналымға қосу жоспарланған. Бүгінде 12 конкурс ұйымдастырылып, 109,9 мың гектар 478 жер учаскесі айналымға енгізілді. Оның ішінде, егістік жер – 4,8 мың гектар, жайылымдық жер – 104,5 мың гектар. Жұмыстар жалғасуда. Ал 2026 жылға ауыл шаурашылығы мақсатындағы 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған.
Бұл жұмыстың нәтижесінде облыстағы жер ресурстарының тиімділігі артып, ауыл шаруашылығының дамуына маңызды ықпал етеді. Жайылым жерлерінің мемлекет меншігіне қайтарылуы тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда тұрғындардың жерге қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылданып, жер пайдаланушыларға қатаң бақылау жүргізілуде. Бұл, әсіресе, ауылды жерлерде ауылшаруашылық өнімділігінің артуына және мал басының өсуіне әсер ететін болады.
Айта кету керек, мемлекет тарапынан жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2024 жылы басталған қоғамдық жайылым жер тапшылығы 608 мың гектардан 2025 жылға қарай 539,8 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының жайылым жерлеріне деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, айналымға қосылған жерлердің үлкен бөлігі жайылымдық жерлер болып табылады, бұл да жер пайдаланушылар үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар жердің тиімді пайдаланылуына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жерді қайтарумен ғана шектелмей, оның дұрыс әрі мақсатты пайдаланылуын бақылау маңызды міндет болып қала бермек. Жерді қайтару мен оның тиімді пайдалану мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады, және бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай дамыту жоспарланған.
Бұл шаралар тек қана ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де бағытталған. Жерді дұрыс пайдалану арқылы табиғат ресурстарын сақтап, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік туады.
