Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумында облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев ауыл әкімдеріне партиялық қызмет туралы мағлұмат беріп, ауыл тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерге тоқталды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі, шалғай елді мекендерде өткізіліп жатқан мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаулар, фракция отырыстарының барысы, кеңестердің мәжілістерінде көтерілген өзекті мәселелер, партия қабылдаған Сайлауалды бағдарламаның орындалуы туралы пайдалы ақпараттарды ұсынды. Сайлаушылармен жұмыс жүргізу, қоғам сұраныстары мен тұрғындар көтерген мәселелердің шешім табуында партиямен ықпалдастық мәселелері туралы хабарлама жасады.Форум алаңында ауыл әкімдері үшін өзекті деген сауалдар бойынша облыстық басқармаларға, департаменттерге тікелей жүгінуге мүмкіндік жасалды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында ауыл әкімдеріне пайдалы көптеген ақпараттар айтылды.
Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және оларды жүзеге асыруда кездесіп жатқан өзекті мәселелер туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңатаров, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға септігі тиіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, бағдарламаға енгізілген жаңа талаптар жөнінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ақпарат берді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында кезек күттірмейтін мәселелер бар екеніне баса мән беріліп, облыс тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі болып табылатын саланың өзекті мәселелерін түбегейлі шешуде облыстық басқарма ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екені айтылды.
Ауылдардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, ауыз су, табиғи газ жүйелерінің тартылуы, электр қуатының сапалы болуы мәселелері Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның хабарламасында айтылса, ауыл тұрғындарының әлеуметтік сұраныстары, халықтың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік әлеуметтік қолдаулардың көрсетілуі туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың баяндамасында қамтылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген «Жер аманаты» жобасының орындалуы, жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару бойынша қабылданған жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат ұсынды. Ал Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық төлемдерінің орындалуы бойынша ауыл әкімдерінің қызметтік функциясы жөнінде түсінік беріп, пайдалы мағлұматтар берді.
Айрықша атап өтуіміз қажет, «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуына облыстық қаржы басқармасы тікелей жауапты болғанымен, оны тиісті деңгейде атқарудағы жауапкершілік аудан және ауыл әкімдеріне жүктелгені айтылды. Партия бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, сапалы орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша биылдың өзінде 8102 адам оқытылды. Оның ішінде банк алдындағы несие қарыздары 90 күннен асқан қарызы бар азаматтар санатынан 1785 адам – офлайн, 317 адам – онлайн оқу курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуы қажет екені айтылды. Жобаны іске асырудың нәтижелері мен өзекті мәселелері туралы Түркістан облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ержан Кангелдиев баяндама жасады. Жиын барысында несие қарыздары бойынша берешегі бар азаматтардың есепшоттарын бұғаттаудан шығару, осы санаттағы азаматтарға заңгерлік көмек көрсету, несие қарыздары бар азаматтарға қарыздарын өтеуге жеңілдіктер беру мәселесі жөнінде қажетті кеңестер берілді. Тұтынушы несиесін рәсімдеуде азаматтардың жас мөлшерін 18-ден 21-ге дейін ұлғайтуды заң жүзінде белгілеу, коллекторлық ұйымдардың қызметін құқықтық реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқаны айтылды.