Ақпарат

ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ ОТЫРАР АУДАНЫНА АРНАЙЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Бүгін Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ағын су мәселесі бойынша бірқатар нысандарды аралап, шаруалармен кездесті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және осы салаға жауапты мамандармен бірге су тапшылығының салдарын жеңілдетуге бағытталған мәселелерді талқылап, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтады.

Аралау барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен ағын су тапшылығының алдын алуға бағытталған нақты қадамдарды атап өтті. Аудан басшысы бірінші кезекте бетондауды қажет ететін «Ақын Жақып», «Д.Алтынбеков» каналдарына қаржы қарастыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл ту» насос станциясындағы су айдағыш насостардың ескіргенін, алдағы уақытта жаңа құрылғыларды алу үшін тиіс жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Іс сапар барысында министр Нұржан Нұржігітов судың маңызын ерекше атап өтіп, қалыптасқан жағдайға байланысты туындаған мәселелер назарында болатынын жеткізді. Ағын су тапшылығының биылғы ауа райының ерекшелігімен тығыз байланысты екеніне тоқталып, бұл мәселе үнемі бақылауда болатынын айтты.

Министр мемлекет тарапынан қажетті шаралар кезең-кезеңімен атқарылып, су жүйелерін жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

Жеті түрлі ауру жаппай таралғанда карантин жариялануы мүмкін

azatmedia

Түркістан: Қоғамдық кеңестің отыз алтыншы отырысы өтті

azatmedia

Жаңа электр желісі – ел игілігіне!..

azatmedia