Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің жетекшісі Бақытжан Серманизов Шардара су қоймасында су деңгейінің күрт түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл ахуал тұрғындар үшін қолайсыз боп жатқанын жеткізді. Экология, энергетика және халық тұтынатын ауыз суға тікелей қатысы бар бұл мәселені Парламент депутаттарынан Үкімет алдында көтеріп, орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы қарауды ұсынды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ашып берген алаңның практикалық тұрғыда пайдалы жиын болғанын Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округінің әкімі Біржан Махсутов пен Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Аманатайұлы айтып, партияға ризашылықтарын білдірді. Партия атынан сайланған ауыл әкімдері Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, партиялық жобалардың жүзеге асуы туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Ауылдық деңгейдегі басқару жүйесінің өзекті мәселелері ашық талқыланған, өзара тәжірибе алмасуға сеп болған, ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік ашқан жиынның қорытындысында, ауыл азаматтарының сұранысын дөп басқан, олардың қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», тағы басқа партия жобаларын нақтылы іске асыру, ауыл-аймақтардың тазалығын сақтау, елдің ішкі бірлігін бекемдеу мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылданып, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынды.
Форум жұмысының қорындысымен мемлекетке адал еңбегі сіңген, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан және «AMANAT» партиясының стратегиялық бағытын қолдап, оның бағдарламалық міндеттері мен жобаларын іске асыруға табандылық танытқан бірқатар ауыл әкімдері Түркістан облыстық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.