Ақпарат

Нақты шешім қабылдау – басты міндет

Тұрғындармен ашық диалог құру – «AMANAT» партиясының негізгі жұмыс қағидаларының бірі. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, өзекті мәселелеріне бейжай қарамай, нақты шешімдер қабылдау – партия үшін басты міндет.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің азаматтарды қабылдау кестесі тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Бүгін филиал төрағасының қабылдауына шалғай елді мекеннен арнайы ат арытып келген қария соңғы үмітін арқалай келіпті.
Бәйдібек ауданы, Шалдар ауыл округіне қарасты Бөген ауылынан келген 80 жастағы Балтабек Әлімбекұлы өмір бойы ауыл шаруашылығы саласына аянбай еңбек етіп, ел игілігі үшін тер төккен ардақты азамат. Зейнет жасына жетіп, бейнетінің зейнетін көретін шақта тағдырдың тауқыметі мен әділетсіздіктің құрбаны болып отыр.
Қарияның айтуынша, туған балалары өзара келіспей, әкесін үйінен қуып шығып, қазіргі таңда сотқа сүйреп, шаруашылықты заңсыз иемденуге әрекет жасауда. Ең сорақысы, оның атындағы ауыл шаруашылығы кооперативін пайдаланып, бірнеше ірі көлемдегі несиелер рәсімделіп, салдарынан ақсақалдың мойнына 23 миллион теңге көлемінде қарыз жүктелген. Ал ақсақал бұл несиелерді мүлде алмағанын, құжатқа қол қоймағанын, банктерге бармағанын айтып, дәлелдеу үшін түрлі құзырлы органның есігін тоздырған.
Балтабек Әлімбекұлына қатысты сот шешімі де бұл несиенің заң аясында рәсімделгенін айтып, қарызды өтеу жөнінде шешім шығарған. Соның салдарынан бүгінде оның зейнетақысының 50 пайызы банкке ұсталып отырады. Қалған аз ғана қаржы күнделікті тіршілігіне, дәрі-дәрмегіне жетпей, өмір сүру сапасын күрт төмендеткен.
Ақсақалдың жанайқайын естіп, Шымкентте тұратын қызы да әділдік іздеп, барлық деңгейдегі мекемелерге жүгінген. Ол, «Әкем қандай жағдайда несие алған? Егер өзі барса да, банктердің 80 жасқа келіп қалған адамға осындай ірі сомадағы несиені беруі – үлкен сұрақ. Бұл жерде тереңірек тексеру қажет», – деп қынжылады.
Азаматтың бұл жанайқайы облыстық филиал төрағасының назарынан тыс қалмады. Алтынсары Үмбетәлиев қарттың мәселесін жіті тыңдап, назарға алып, аталған жайтты құқық қорғау органдарымен бірлесе қарастыруды тапсырды. Ең алдымен, қарияны Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың жеке қабылдауына жазылуға көмектесіп, ары қарай істің әділ қаралуына, заң аясында нақты шешім қабылдануына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

Түркістан қаласына ҚР ІІМ-нің орынбасары Айдар Сайтбеков қызметтік іссапармен барды

azatmedia

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ 3 МЫҢНАН АСТАМ НАУҚАС КОРОНАВИРУСТАН ЕМДЕЛІП ШЫҚТЫ

azatmedia