Ақпарат

ЕСЕП ПЕН НӘТИЖЕ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен селекторлық форматта кеңейтілген аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында партияның Түркістан облыстық филиалының жыл басынан бергі жұмысы қорытындыланып, негізгі бағыттар мен басымдықтар сараланды.
Мәжілісте «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев өңірлік Жол картасының орындалу барысы мен жыл басынан бергі партиялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейі туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, фракция қызметі мен қоғамдық қабылдаулардың нәтижелері де кеңінен қамтылды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бүгінде еліміздегі ең ауқымды әрі құрылымы жағынан жақсы қалыптасқан ұйым саналады. Облыстағы 17 аймақтық филиалда 242 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Жалпы саны 85 мыңға жуық партия мүшесі ортақ мақсат жолында бірігіп, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмылдырылған.
Есепті кезеңде облыстағы партия фракциялары 36 отырыс өткізіп, 89 өзекті мәселені күн тәртібіне шығарған. Осы жиындарда облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының, Түркістан қаласы әкімінің сайлауалды бағдарлама аясындағы міндеттердің орындалуы бойынша есептері тыңдалған. Нәтижесінде нақты тапсырмалар беріліп, бақылау күшейтілген.
Сонымен қатар, партиялық бақылау комиссиясы тарапынан өңірдегі құрылыс нысандарына 214 рет рейд жүргізіліп, орын алған кемшіліктер бойынша 24 ескерту жасалған.
Алтынсары Дүйсенбекұлы баяндамасында партияның «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Ардагерлерді ардақтайық», «Жер аманаты», «Бақытты отбасы», «Кітап аманаты», «Таза бейсенбі» сынды жобалары аясында атқарылған жұмыстарға жеке тоқталып, нақты нәтижелерді атады. Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған мазмұнды іс-шаралар мен әлеуметтік маңызы бар бастамалар кеңінен баяндалды.
Мәжілісте, сондай-ақ, Арыс, Кентау қалалық, Мақтаарал, Сауран аудандық филиалдарының төрағалары Бақтығали Ділдәбеков, Арман Басаров, Мұхтар Сәрсенов, Сағынбек Асылбеков және Сарыағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Құдірет Қыстаубаев өңірлерде бекітілген жұмыс жоспарларының орындалу көрсеткіштері, партиялық жобаларды жандандыру бағытында қолға алынған бастамалардың орындалуы, бастауыш партия ұйымдарының партияның аудандық филиалдармен ықпалдастығы жайында бірқатар игі шараларды атап өтті. Жергілікті Жол карталары мен партиялық жобалар аясындағы жұмыс нәтижелері баяндалды.
Жиынды қорытындылаған партия хатшысы Ержан Жылқыбаев өңірлердегі оң өзгерістер мен тиімді тәжірибелерді атап өтіп, алдағы кезеңге бірқатар нақты міндеттерді жүктеді. Аймақтық филиалдарға фракция жұмысы мен партиялық жобаларды жандандыру, азаматтармен кері байланысты нығайту және көрсеткіштерді жүйелі арттыру тапсырылды. Ержан Жұматұлы сондай-ақ, Түркістан облысының партиялық белсенділігі мен көрсеткіштерінің республикалық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын ерекше атап өтті.

Қатысты жаңалықтар

ШАРДАРА АУДАНЫНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

ДОСТАСТЫҚ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МУЗЫКАСЫ

azatmedia

Қазығұрттағы селдің салдары толықтай жойылған

azatmedia