Ақпарат

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МҰҚАЛМАС РУХЫ

4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп жатыр. Соның ішінде, Қазығұрт ауданы орталығында «Батыр бабалар аллеясында» Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық Ардагерлер кеңесі және Әжелер алқасы мүшелері, мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі Азизхан Азимханұлы: «- Аспан түстес туымызды халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды жігерлендіріп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Ал, «Менің Қазақстаным» атты Гимніміз әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа тартып жүр», – дей келе, баршаны айтулы мерекемен құттықтады.

«Көк тудың желбірегені» атты жалпыұлттық акциясы шеңберінде ұйымдастырылған жиында Ән ұранымыз шырқалып, көк туымыз көкке көтеріліп, тұрғындардың отанға деген құрметін күшейтіп, жүректеріне жылу ұялатты. Салтанатты шара барысында данагөй қариялар тарапынан ұлық мерекенің қадір-қасиеті жайлы айтылып, патриоттық әндер шырқалды.

Мерейлі мереке қарсаңында аудан жастары тарапынан заң аясында автошеру ұйымдастырылып, баршаны мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге шақыру, патриоттық сезімді ояту мақсатында көк туды көтеріп елді мекен көшелерінен жүріп өтті.

Сондай-ақ, аудандағы бірқатар ғимараттардың, тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарында Мемлекеттік Ту ілініп, «Туымыз – төрімізде» флэшмобы ұйымдастырылды.

Мемлекеттік рәміздер — біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші кейпін білдіреді.

Мемлекеттік рәміздер-ту, елтаңба және әнұран тәуелсіз мемлекет егемендігі мен бостандықтарының көрінісі болып табылады. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде төл рәміздеріміз де дүниеге келді. 1992 жылдың 4 маусымында  Елбасы Н.Назарбаевтың қол қоюымен тұңғыш рет еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді. 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Арнайы  Жарлыққа сәйкес, 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтетін болдық.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз белгілерінің бірі болып саналады.

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға әрқашанда биік мәртебе берілуде, сондықтан да мемлекеттік рәміздерді қастерлеу бәріміздің парызымыз. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі конституциялық заңда белгіленген, бұл Мемлекеттік Рәміздерге биік мәртебе береді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда үлкен орны бар.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабына өзгеріс енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды. Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Техникалық реттеу және метрология саласындағы Ғылыми-техникалық комиссиясы отырысының 2018 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамалық шешімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы.Техникалық талаптар» ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді, осылайша, Мемлекеттік Елтаңбасындағы «ҚАЗАҚСТАН»сөзі латын графикасында «QAZAQSTAN» болып стандарттың барлық мәтіні бойынша енгізілді.

Аталғандардың негізінде, орталық және  жергілікті мемлекеттік органдарда орналастырылған Мемлекеттік Елтаңбаларды «QAZAQSTAN» деген жазуы бар елтаңбаларға жоспарлы түрде ауыстыру үшін дайындалған және орналыстырылған елтаңбаларға 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңді белгілеу бөлігінде «Стандарттаудың кейбір мәселелері туралы» ведомстволық бұйрыққа тиісті түзетулер енгізілді.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың борышы. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы, оның өлшемдеріне қарамастан ұлттық стандарттарға сәйкес келуі қажеттілігін ұмытпайық. 

Рәміздер — мемлекетіміздің негіздерінің бірі. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет.

Ұлттық рухымызды асқақтататын қазақ елінің рәміздерін әрқашан биік ұстайық!

Қатысты жаңалықтар

Қауіпсіз әрі ыңғайлы

azatmedia

Бірден көзіңізге не көрінді

azatmedia

Қазақстанда өткен тәулікте 73 адам коронавирус жұқтырған

azatmedia