Ақпарат

ШАРДАРА АУДАНЫНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, партияның сайлауалды бағдарламасы Жол картасы аясында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және өндірістік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Сапар барысында партия өкілі аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратуновпен бірге Шардара қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан «Казкрахмал» жүгері дақылын терең өңдеу зауытына арнайы барды. Кәсіпорын басшысы Руслан Қияшбаев зауыттың құрылыс жұмыстары барысымен таныстырды. 35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» ЖШС дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда әрқайсысы 5 мың тонна жүгері сыйымдылығы бар 6 жүгері сақтау қоймасы мен дайын өнімді сақтау қоймалары дайын тұр. Ал әкімшілік ғимараты, жатақхана, жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылыстары аяқталудың алдында.
Аталған зауыттың іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі серпін беретіні сөзсіз. Биылғы жылы Шардара ауданында 4 300 гектар алқапқа жүгері егіліп, одан 30 мың тоннадан астам өнім жиналған. Қазіргі таңда кәсіпорынмен бірлесіп, жергілікті тұрғындар арасында жүгері өсірудің тиімділігі туралы түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл агроөнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатыны анық.
Сапар барысында Алтынсары Дүйсенбекұлы Шардара қаласындағы Өтеғұл шағын ауданында бой көтеріп жатқан 300 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның бүгінгі ахуалымен танысты. Аталған білім ордасы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген мақсаттар негізінде әзірленген Жол картасына сәйкес салынып жатыр.
Құрылыс жұмыстарының барысын жіті бақылаған облыстық филиал төрағасы мердігер мекеме өкілдерімен кездесу өткізіп, құрылысты белгіленген мерзім ішінде сапалы, әрі толық аяқтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол білім беру нысандарының сапасына, қауіпсіздігіне және заман талабына сай жабдықталуына баса назар аударуды тапсырды.
Жаңа мектептің іске қосылуы – осы шағын ауданда тұратын тұрғындар үшін үлкен қуаныш болмақ. Өйткені бұл білім беру мекемесі балалардың ыңғайлы, заманауи және қауіпсіз ортада сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар шалғай өңірлерде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі ретінде айқындалуда.
Түйіндей келгенде, «AMANAT» партиясының өңірлердегі жұмыс сапары әлеуметтік және экономикалық бастамалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуге бағытталған. Шардара ауданында атқарылып жатқан бұл жобалар – партияның халық алдындағы жауапкершілігін нақты іспен дәлелдейтін жарқын мысал.

Қатысты жаңалықтар

Түркістан: жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде

azatmedia

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көтеріледі

azatmedia

САРЫАҒАШ: ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСАДЫ

azatmedia