Түркістанда балаларға арналған қалалық оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысанның ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың ашылуына атсалысқандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай игі жобалардың жүзеге асуы – қоғамның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі екенін атап өтті.
– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бұл бастамалар балалардың құқықтары, қауіпсіздігін, әлеуметтік-психикалық дамуы, өмір сүру жағдайы мен денсаулық көрсеткіштерін жақсарту мәселелерін кешенді қамтамасыз етуге арналған. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мықты, мүмкіндіктері кең, өмір сапасы жоғары болуы – мемлекет үшін басты міндет. Сондықтан да бүгін іске қосылып отырған орталық, ең алдымен, ата-аналарға үміт сыйлайтын, балаларға жаңа мүмкіндік беретін маңызды мекеме болмақ. Мұнда балалар заманауи әдістермен ем алып, жоғары білікті мамандардың қолдауына ие болады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Түркістан өңірінің денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жалғасатынын жеткізді.
– Бүгін балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылуда. Бұл – балаларымыздың денсаулығын жақсартуға, олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір баланың бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, – деген Нұралхан Оралбайұлы осы маңызды нысанды салуға демеушілік көрсеткен «YDA HOLDING» компаниясына алғысын жеткізді.
«YDA Group.KZ» компаниясының бас директоры Онур Кыроглу да құттықтау сөз сөйледі. Бұл нысан Кираз Арслан мен Яшар Деде Арсланның құрметіне YDA компаниясы тарапынан салынып, Түркістан облысына сыйға тартылып отыр.
Жобаның құны 2,7 млрд. теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы 1,56 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 2 227,41 шаршы метр. Оңалту орталығы 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Жаңа орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және толық кешенді оңалту көмегін ұсынуға қауқарлы. Атап айтқанда, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезең, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең, орфандық ауруларды емдеуге арналған. Бұл – тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облыс балаларына арналған орталық.
Айта кетейік, Түркістан облысында 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңірде соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бүгінде облыста 4 балаларды оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Биылдың өзінде 14 153 балаға оңалту көмегі көрсетілді.
Түркістанда ашылған балаларға арналған қалалық оңалту орталығы өңірдің әлеуметтік саласындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл орталық балаларға медициналық көмек көрсету мен олардың денсаулығын нығайтуда ерекше рөл атқарады. Оңалту орталығының ашылуы, әсіресе елдегі балалардың денсаулығы мен дамуына айтарлықтай көңіл бөлінген уақытта, маңызды жобалардың бірі ретінде көрінеді. Орталықтың заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі, жоғары білікті мамандардың жұмыс істейтіндігі және кешенді көмек көрсету қабілеті — бұл балалардың сапалы медициналық қолдау мен оңалтуға қол жеткізуінің негізі болады. Бұл орталықтың іске қосылуы ата-аналарға үлкен үміт сыйлайды, өйткені балалардың денсаулығына қатысты мәселелер көбіне олар үшін үлкен алаңдаушылық тудырады.
Сонымен қатар, бұл орталық Түркістан облысында жүзеге асып жатқан денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтардың бір бөлігі болып табылады. Өңірде соңғы бірнеше жылда түрлі әлеуметтік нысандар салынған, бұл жалпы аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етті. Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, әсіресе балалардың денсаулығына бағытталған шаралар, өңірдегі өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың құрамдас бөлігі болып табылады. Балаларға арналған осындай орталықтардың санының артуы, олардың денсаулығын жақсартуға, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуге ықпал етіп, жалпы халықтың әл-ауқатын көтеруге зор мүмкіндік береді.
Бұл жоба тек денсаулық сақтау саласындағы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саладағы маңызды қадам болып табылады. Жаңа орталық балаларға оңалту қызметін толық көлемде көрсетуге мүмкіндік береді, бұл аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен мәнге ие. Түркістандағы балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы Қазақстанның барлық өңірлерінде баланың құқықтарын қорғау, денсаулығын жақсарту, сондай-ақ білім беру мен әлеуметтік қолдау салаларында жаңашылдық енгізу жолындағы маңызды бастама болып саналады.
