Жаңалықтар

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫН МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАУ МАҢЫЗДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапары барысында партияның ерекше бақылауында тұрған нысан – Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек елді мекеніндегі 300 оқушы орынға арналған орта мектептің құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Бұл нысанның құрылысы партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасына еніп, тұрғындардың талап-тілегімен қолға алынған қоғамдық маңызға ие басты мәселелердің бірі болатын.

Жаңадан салынып жатқан білім ұясының құрылысы барысында кезіккен мәселелер және олардың жедел шешім табуында аудан әкімдігімен, басқа да ұйымдармен бірлесе атқарылған жұмыстар жөнінде партияның Түлкібас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жүнісов баяндады. Құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстардың барысымен және нысанның техникалық дайындығымен құрылысқа жауапты мердігер ұйым – «Аrkua Grоup» ЖШС-нің өкілі Ғ.Бижігітов таныстырды. Құрылысшылардың мәлімдеуі бойынша нысанның дайындығы дәл қазіргі уақытта 95 пайызға жеткен, жаңа оқу жылының басталуына дейін мұндағы құрылыс жұмыстарының барлығы толығымен аяқталады деген сенімдерін білдірді.

Құрылысы аяқталу сатысына жеткен нысанда мектеп ауласын абаттандыру, ойын және спорт алаңшаларын орналастыру жұмыстары қарқын алған. Партия өкілдері партиялық бақылау мониторингі барысында ғимаратты орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу, мектепке келетін жолды реттеп, жабындысын төсеу бойынша мәселелер бар екенін анықтап отыр. Бұл мәселе Түлкібас аудандық мәслихатындағы депутаттардың назарына алынып, аудан әкімдігіне депутаттық сауал жолданған. Көтерілген мәселелердің тиімді шешім табуы аманаттық өкілдердің де жүйелі бақылауына алынған.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы осы білім ұясының жаңа оқу жылына дайындығын тұрақты назарында ұстайтын болады. Бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдармен жүйелі байланыста болып, нысанның дайындығына күнделікті мониторинг жүргізеді.

Қатысты жаңалықтар

САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЕЛ ӨМІРІНЕ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

azatmedia

БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМДАРЫ – ПАРТИЯНЫҢ ТІРЕГІ

azatmedia