Жаңалықтар

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ – КЕНТАУДА

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібековтың Түркістан облысы тұрғындарымен өткізетін кездесулерінің кестесіне сәйкес, Кентау қаласына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Осы әкімшілік бірлікке қарасы Қарнақ ауылында қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының сұраныстарына құлақ түрді, жергілікті әлеумет көтеріп жатқан өзекті мәселелерді зерделеді. Парламент өкілінің қарнақтық тұрғындармен өткізген кездесуіне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Садуов, Кентау қаласы мәслихатының төрағасы Қабылан Елеусизов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов, партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров қатысты.

Ауыл тұрғындарын қабылдау барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібекұлы, сегізінші шақырылымдағы Парламент өкілдерінің Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидатын орнықтырудағы заң шығару қызметі жөнінде ақпар берді. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын қамтуда қарастырылып, көпшілік дауыспен қабылданған заңдар елімізді одан әрі дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететінін айтты.

Қабылдауға келіп, базынасын білдірген тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігін жайлы етуге қызмет ететін бірнеше мәселені көтеріп, олардың оң шешім табуына қолдау көрсетуді өтінді. Ауылдағы ағайын көтерген басты мәселелердің қатарында Қарнақ ауылындағы үйлерді табиғи газ жүйелеріне қосу, аймақтағы ең негізгі ағын су арнасы – Ырмақ өзенінің жағалауын бекіту, ежелгі дәуірлердің ізі қалған Қарнақты туристік аймақ ретінде дамытуға күш біріктіру, егін шаруашылығына ыңғайлы осы аумақтан су жинайтын қосымша тоған салу өтініштері айтылды.

Қарнақтық тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият тыңдаған Ұласбек Сәдібекұлы, ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту, шаруаларға жайлы жағдай жасауда іргелі жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. Қала әкімдігіне бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырып, қордаланған мәселелерді шешуге толық мүмкіндік беретін ұсыныстар беруді жүктеді.

Парламент Мәжілісі депутатының жұмыс сапары одан әрі қаладағы өндіріс орны мен қарқыны артқан құрылыс алаңында жалғасты. «АБН-Альянс» ЖШС-нің пластикалық құбырлар өндіретін цехы – инновацияға негізделген жаңа кәсіпорын. Кентаудың индустриалды аймағында 2020 жылы ашылған кәсіпорын жылына 6 мың тонна пластикалық құбырлар мен 1,4 мың тонна гофра құбырларын шығарады. Цехта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік аймақта Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов кеншілер қаласының бүгінгі өндірістік әлеуеті жөнінде мағлұмат берді.

Сондай-ақ осы сапары барысында Ұласбек Сәдібекұлы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, қала аумағында тұрғын үй құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қала әкімдігінің тапсырысымен қолға алынған бұл үйлер баспана кезегінде тұрған әртүрлі әлеметтік санаттарға жататын отбасыларға берілетін болады.

Қатысты жаңалықтар

БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨШЕЛЕР МЕН АУЛАЛАРДЫ ТАЗАЛАУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

azatmedia

ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАУ ТУРАЛЫ АЙТЫЛДЫ

azatmedia