Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «AMANAT-AQYLMAN» ОЙЫНДАРЫ БАСТАУ АЛДЫ

Мемлекет басшысы қазіргі заман ақыл-ой мен дарын иелерінің заманы екенін айтып, жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы керектігін назарға алды. Түркістан ежелден ілім-білімнің орталығы болған қастерлі мекен. Талай буын ғұлама-ойшылдардың кіндігі байланған, табаны тиген топырақтың ағартушылық миссиясын қайта жаңғырту – бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті перзенттік борышы деп білеміз.

Алдымызда тұрған ұлы мұратқа ұмтылуда өңірдің зияткерлік ортасын құруды мақсат етіп отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын бастау алған «AMANAT-AQYLMAN» жобасы өңір тұрғындары арасында зияткерлік рухты қайта түлеткен бастамаларымыздың қатарынан болды. Өңірдегі партияластарымыз санатындағы жас белсенділердің басын біріктірген «Жастар рухы» жастар қанатының ұсынысымен биыл ілкімді жобаны әрі қарай жалғастырып, партияның аудандық, қалалық филиалдарын жұмылдырып отырмыз.

Бүгін Кентау қаласында зияткерлік сайыстың алғашқы іріктеу ойындары өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Өңірлік партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты мен Кентау қалалық партия филиалының ұйымдастыруымен өткізілген интеллектуалды ойындардың ашылуына «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Нұрғалиқызы Искандерова қатысып, Түркістан облысынан бастау алған игі іс-шараның ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейде ұйымдастырып, өткізуге лайықты екенін атап өтті. Зерек ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шоғырын тәрбиелейтін іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздар тұғырынан көрінуге тілектестігін білдірді. Ақыл мен алғырлық жарысына қатысып отырған жерлестеріне ақ тілегін партияның Кентау қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Басаров та жеткізді.

Интелектуалды ойындардың бүгін өткен іріктеу кезеңіне барлығы 10 команда қатысып, ойын ережесі бойынша 4 шартты орындап шықты. Әр салада еңбек ететін қоғам белсенділері азаматтық жауапкершілік, туған жердің қадір-қасиетін білу, ораторлық шеберлік бойынша өзара сайысқа түсті. Командалардың дайындығын «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Садуов, «Жастар Рухы» жастар қанатың Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман, Кентау қалалық тілдерді дамыту орталығының басшысы Ақмарал Утипбаева, қоғам белсендісі, әлеуметтік жобалардың авторы Олжас Мамыр бағалап, бағасын берді. Қазылар алқасының шешімімен ойындардың облыстық кезеңіне «Абзал жандар» командасы жолдама алды.

Айта кету керек, интеллектуалды ойындардың шешуші кезеңі Түркістан қаласында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өтеді.

Қатысты жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП – ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

azatmedia

САУРАН: ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

azatmedia