Жаңалықтар

ФРАКЦИЯ МӘЖІЛІСІНДЕ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ЖІКТЕЛДІ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның кезекті жұмыс жиыны өтті. Фракция жетекшісі, партияның өңірлік филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Алмаханұлы Абишов бастаған партиялық фракция депутаттары қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттық корпус өкілдерінің мәжілісіне облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева қатысып, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасында ауызсу және газбен, жылумен қамту мәселелерінің орындалуын, халықты жұмыспен қамту саласындағы жұмыстардың барысын баяндап, өзекті деген сауалдарға жауап берді.

Жиынның күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе бойынша Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының ІІІ тармағында басқармаға қатысты салалар бойынша 11 тармақты қамтитын міндеттер белгіленген. Соның ішінде облыс көлемінде 271 көпқабатты тұрғын үйді көрделі жөндеуден өткізу жоспары шеңберінде Кентау қаласында өткен жылы 55 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізілсе, биыл 38 үйді жөндеуден өткізуге қаржы қаралған.

Басқарманың есебі бойынша, облыстағы 829 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Тұрғындарды 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарына сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Биыл ауыз су бойынша 35 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталмақ, 26 нысанның құрылысы 2025 жылы толығымен бітетін болады. «2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 7 қаланың 6-уы кәріз жүйелерімен қамтылған. Биылғы жылы су бұру саласы бойынша 13 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 11,4 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде, ағымдағы жылы 3 нысаннің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 11 нысан 2025 жылға өтпелі», – деді Руслан Мұздыбаев.

Табиғи газ жүйесі бойынша биылғы қаңтардағы ахуалға сәйкес, Түркістан облысының 510 елді мекені немесе 1 746 129 тұрғын табиғи газ жүйелерімен қамтылған. Ағымдағы жылы 86 нысанның құрылысына 12,2 млрд. теңге бөлініп, оның 54-нің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Қалған 32 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылға өтпелі екені мәлімделді.

Облыс көлемінде инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің ахуалына жауап беретін мемлекеттік орган өкілінің хабарламасы депутаттар тарапынан қызу талқыға түсті. Фракция мүшелері басқарма басшысынан жиналысқа тиянақты дайындықпен келуін талап етті. Есептегі деректерді толықтай ашып көрсететін материалдарды алдын ала таратылмағанына сын-ескертпелерін білдірді. Ордабасы, Келес аудандарының елді мекендерін газбен қамту, Жетісай, Төлеби аудандарына қарасты ауылдарды ауыз сумен қамту бойынша тұрғындардың орынды реніштері бар екені айтылды.

Облыс тұрғындарына электр қуатын жеткізуші монополист компания – «Оңтүстікжарықтранзит» ұйымына қатысты өзекті мәселелер бар екеніне назар аударылған жиында, электр энергиясының тарифі өндіріс орындары үшін шектен тыс артқаны айтылды. Монополист компания трансформаторлар мен электр желілерінің тозуынан туындап, тұтынушыға жетпей жоғалған қуатының құнын кәсіпкерлер есебінен тарифті қымбаттату арқылы өндіріп алуға кіріскеніне наразылықтарын білдірді. Салалық басқарма тарапынан тарифтің қалыптасуына талдау жүргізілмейтіні, энергетикалық инфрақұрылымның тозу деңгейін басқа өңірлермен салыстыра отырып анықтау жұмыстары атқарылмайтыны, монополист компанияның инвестициялық жобаларымен жаңартылған инфрақұрылымның үлес салмағын анықтау жұмыстары жүргізілімейтінін қатаң түрде ескертілді. Облыстық мәслихат жанынан осы мәселе бойынша құрылған жұмыс тобы бұл бағытта тиянақты талдау жұмыстар атқарылатыны, оның нәтижесімен бұл мәселені республикалық деңгейде көтеру ұйғарылды.

Электр қуатының сапасын арттыру, желілік жабдықтарды жаңарту мәселелері бойынша Қазығұрт, Түлкібас, Сауран аудандары мен Кентау қаласы бойынша өзекті мәселелер бар екені айтылып, олар басқарманың бақылауына алынды.Облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияға мүше депутаттардың талқысына түскен келесі мәселе – партияның Сайлауалды бағдарламасында қамтылған халықты жұмыспен қамту саласындағы жұмыстардың атқарылу барысы болды. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның хабарлауынша, 2024 жылға бекітілген «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның ішінде 108,0 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберу, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамаларда ашылатын жұмыс орындарына жолдау, 7,2 мың адамға грант және шағын несие беру көзделген.

Жыл басынан бүгінге дейін осы жоспар бойынша нақты 51,5 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданып, жоспардың орындалу көрсеткіші 43,3 пайызға жеткені мәлімделді. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен қамтылғандар саны 17,4 мың адамға жетсе, субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылғандар саны 34 мың адамды құраған. Ал, жұмыссыз ретінде тіркелген 718 азамат Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған. Облыста экономикалық салаларына сәйкес іске асырылып жатқан 3671 жұмыс орны аясында Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 397 инфрақұрылымдық жобаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделгені белгілі болды. Осы жобалардың ішінен бүгінге нақты 114 нысанда тиісті жұмыстар басталып, 718 жұмыс орындары ашылғаны айтылды.

Осы және өзге де деректер айтылған мәжілісте басқарма басшысына саладағы бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Оның ішінде Ораңғай ауылындағы 200 орындық мүгедектігі бар ересек азаматтарға арналған оңалту орталығының құрылысы, Кентау қаласындағы басқармаға қарасты колледж бен облыстық еңбек мобильді орталығындағы қалыптасқан ахуал жөнінде сауалдар қойылып, жауаптар алынды. Сондай-ақ Сайлауалды бағдарламаның Жол картасында қамтылған индикаторлық көрсеткіштерге түзетулер енгізу бойынша орталық мемлекеттік органдармен және партияның Орталық аппаратымен ықпалдастықта жұмыс жүргізу ұсынылды.

Жиын қорытындысымен фракция мәжілісінде айтылған ұсыныстар мен ескертпелер қорытынды қаулыда қамтылып, олардың орындалуын бақылауда ұстап, үйлестіру «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына жүктелді.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЕС ЖЫЛДА 100 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРДІ

azatmedia

ШАРДАРА: ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ АУДАНДА БОЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНУЫ ТИІС

azatmedia