Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫ ТҮРЛЕНДІРУДЕ ТИЯНАҚТЫ ТІРЛІК КЕРЕК

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан қаласындағы 109 – бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылы іске қосылған болатын. Бұл жүйе арқылы қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдарға келу қажеттілігі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мәселелерді жылдам шешу мақсат етілген.

Түлкібас ауданын дамыту үшін не істеу керек? Қандай салаларға, бағыттарға басымдық берген жөн? Ауданды өркендетуде қандай индикаторлар орындалмай отыр? Мәселелерді шешу жолдары бар ма? Бұл сұрақтарға Түлкібас ауданында өткен көшпелі отырыста жауап берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібастың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық сала бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

– Барлық аудан, қаланы аралай келе байқағаным – ортақ және ұқсас мәселелер көп. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер де мазмұндас. Рас, көпшілігіне қосымша қолдау, бюджеттен қаржы бөлу керек. Бірақ қолда бар ғимараттарды дұрыс күтіп ұстап отыра алмай жатқан сәттер көп кездесуде. Немқұрайдылықтың салдары тазалық пен тәртіптің нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Түлкібас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен медицина мекемелерінің біразының маңындағы санитарлық тазалық талапқа сай емес. Мектептер де бар. Көшелер мен жолдардың сапасын артыру керек. Мәдениет және демалыс орындарында да абаттандыру, тазалық жұмыстарын жандандырған жөн. Түлкібас – туризмді, өндірісті дамытуға өте қолайлы аудан. Дәл қасынан халықаралық магистраль өтеді. Мүмкіндікті пайдалану керек. Жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Көшпелі отырыста Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов 2022 жылдың қорытындысы туралы және биылғы 4 айдағы көрсеткіштер бойынша есеп берді.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстар мен индикаторларды зерделеу нәтижесі туралы баяндама жасады. Нақты кемшіліктерді ашық айтып, түйткілдерді тарқатты.

Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне зерделеу жұмыстары нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою, ауданды дамытуда басқармалармен бірлесе жүйелі жұмыс атқару жөнінде тапсырма берді. Ауданның кіріс көзін ұлғайту, жастарды қолдау, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерді шешу, аудан инфрақұрылымын жақсарту, жаңа кәсіпорындар ашу, «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру және мемлекеттік бағдарлаламаларды тиімді пайдаланып, тұрғындарды еңбекпен қамту және өзге де мәселелерді қозғап, жұмысты ширату керектігін айтты. Аудан басшылығына жақында келген Нұржан Ізтілеуовке іскерлігін, біліктілігін көрсету керек екенін жеткізді.

Түлкібас ауданында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 18,6 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың жоспары – 23,4 млрд. теңге. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 322,9 млрд. теңгелік 8 жобаны іске асыру көзделген. 2024 жылы «Beibars Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын зауытын салу және «Борсықсай» ЖШС-нің балықтарға арналған жем-шөп өндіретін зауытын салу межеленген. Қалған 6 жобаны 2025 жылы жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 1606 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 84,6 млрд. теңгеге артып, бюджетке қосымша 6,8 млрд. теңге еніп, кіріс көлемі ұлғаяды деген жоспар бар. Өңір басшылығы тарапынан жаңа инвесторлар тарту, жобалар санын көбейту жөнінде міндеттер жүктелді. Бұл бағытта да жұмыстар қолға алынбақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Шақпақ баба ауылындағы жер асты жолының (тоннель) құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жобаның жалпы құны – 8,5 млрд. теңге. Оның ішіне Жаскешу- Шақпақ ауылдары аралығындағы 40 шақырым автомобиль жолының құрылысы да қамтылады. Тоннелдің ұзындығы – 840 метр, ені – 13 метр. Құрылыс бірнеше жыл бойы әлі жалғасып келеді. Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов елді мекенінің айналма жолын (40,5 шақырым) және әрқайсысының ұзындығы 840 метр болатын екі жолақты тоннель салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жолдың құрылысы аяқталып, жалпы ұзындығы 3,8 шақырым құрайтын тоннелге кіреберіс жолдары қалып отыр. Ал тоннелдің құрылысына келсек, «Тараз-Шымкент» бағытында бұрғылау-жару жұмыстары және монолитті бетонмен тұрғызу жұмыстары толық аяқталған. Жол жабыны мен дренаж құрылғысы үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оң жақ тоннель, яғни, «Шымкент-Тараз» бағыты бойынша бұрғылау-жару, сондай-ақ 345 метр монолитті бетонмен салу жұмыстары атқарылуда. 2023 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, бас мердігер «EVRASCON» компаниясы (Әзербайжан республикасы) өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Осы құрылысқа қатысты мемлекеттік орган басшыларына жобаны қадағалап, соңына дейін жеткізу керектігін айтты.

Одан кейін Дархан Сатыбалдыға Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жағдайы таныстырылды. Бұл ғимарат 1904 жылы салынған. Алғашында шіркеу болып ашылған. 1987 жылы «Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» болып аталған.

Аталған спорт мектебінің спортшылары 2022-2023 жылдары облыс чемпионатында 7 алтын, 10 күміс, 14 қола, Қазақстан Республикасының чемпионатында 6 алтын, 3 күміс, 6 қолаға қол жеткізген.

Қазіргі таңда ғимарат тозған. Спортшыларға арнайы киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері қарастырылмаған, қолайлы жағдай жасалмаған. Осыған байланысты Шақпақ баба ауылына заманауи жаңа спорт мектебін салу қажет. Спорт мектебінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінуі тиіс. Өңір басшысы бұл мәселе зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді. Бұқаралық спорттың маңызды екеніне тоқталыып, жауапты басшыларға мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУМЕН 156 КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІСІ АЙНАЛЫСАДЫ

azatmedia

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ 100 ПАЙЫЗ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

azatmedia