Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 5 БІЛІМ ОШАҒЫ САЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Еркебұлан Дауылбаев «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданына жұмыс сапарымен, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған  anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» жобасымен Жетісай ауданында 5 нысанның құрылысы жоспарланған.

Нақтырақ айтар болсақ, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Асықата кентінен 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округінің Ақниет елді мекенінен 600 орындық мектептердің құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталса, Жетісай қаласынан 900 орындық және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң елді мекенінен 600 орындық білім ошақтарының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы қолданысқа тапсырылады деп көзделіп отыр. Мектеп құрылыстарын жүргізуге қажетті жер телімдері нақтыланған.

Пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектептерде оқушылардың сапалы білім алуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.

Сонымен қатар, ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамту жұмыстары да қолға алынған.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Кентау қаласында 1500 орындық 2 мектеп құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда, жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленді.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен бірге, мектептің құрылысы жүретін аймаққа барды. Құрылыстың жобасы талқыланды. Заманауи жаңа мектептер 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелерін қарап, жүзеге асыру бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда ұлттық жоба бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жайы әзірленуде.

Жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы кезінде қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықтармен қамтылады. Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша 25 мектеп бар. Оның 23 мемлекеттік болса, 2-уі жекеменшік білім беру мекемесі. Қалада жалпы 20 055 оқушы білім алуда.

Қатысты жаңалықтар

Жаңару мен дамуға бағыт береді

azatmedia

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ЖАН-ЖАҚТЫ САРАПТАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА АЙРЫҚША БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

azatmedia