Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде автомобиль жолдары саласындағы түйткілдер талқыланды. Мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл саладағы мәселелерге тоқталып, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы нысандарындағы жұмыстарды жедел бастауды, мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, сапасыз орындалған жұмыстар бойынша заң аясында шара қолдану, жол бойындағы сервистік орталықтар мен санитарлық-гигиеналық тораптарды талапқа сай келтіру, жолдарды күтіп ұстау, қысқы маусымға дайындау жұмыстарын жүйелеуді тапсырды. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның филиалы тарапына да тиісті ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Примбетов атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 95 пайызы, жергілікті маңызы бар облыстық және аудандық жолдардың 94,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Биыл облыста жалпы ұзындығы 1138,1 шақырымды құрайтын 224 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарда 22 нысан, аудандық маңызы бар жолдарда 18 нысан және елді мекендердегі 184 көшеде жұмыстар атқарылуда. Жыл қорытындысында 103 нысан немесе 445,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жол сапасын арттыру мәселесі де тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері арнайы зертханалар 532 сынама алып, талапқа сәйкес келмеген материалдар бойынша мердігерлерге 10 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 15 мың шаршы метр немесе 119,4 млн теңгенің асфальт жабынын қайта төседі.
Мәжілісте республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыстардың барысы да сараланды. Бүгінде Түркістан облысы аумағындағы республикалық жолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын 6 нысанда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2026 жылы ұзындығы 104 шақырым болатын «Самара – Шымкент» халықаралық автодәлізінің екі учаскесіне орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Осы жоба аясында жолдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 6 автоматты өлшеу станциясы орнатылады. Жолдарды күтіп-ұстау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері жоспарланған шұңқырларды жөндеудің 86 пайызы орындалды. Өңірде жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол таңбаларын жаңарту, жол белгілерін орнату, шұңқырларды жөндеу және жол инфрақұрылымын күтіп-ұстау жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді.
