Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 ЖЫЛДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрақты жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.

Жалпы 2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 млрд теңге, 2024 жылы 3 млрд теңге және 2025 жылы 7,4 млрд теңге толық игеріліп, 6 бағыт бойынша 4 223 жоба несиелендірілген. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласында – 597 жоба, мал шаруашылығында – 3155 жоба, құс шаруашылығы бағытында – 22 жоба, балық шаруашылығында – 53 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша – 150 жоба, тұрғындардың өз кәсібін ашуына бағытталған – 279 жоба іске асырылды.

Жиында өңір басшысы жобаларды іске асыру барысында нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын көбейтетін, экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, соларды қолдауды жалғастыру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды енгізіп, қолдау көрсетіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов жоба аясындағы оң өзгерістерді атап өтіп, алдағы атқарылатын жұмыстар жайын баяндады. Оның айтуынша, облыс көлемінде жалпы саны 593 жылыжай кешені салынды. Шағын кәсіпкерлік 4223 бірлікке еселеніп, 4635 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 79 қайта өңдеу кәсіпорны өз жұмысын бастады. Оған қоса мал басы 76 887-ге ұлғайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды.

Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» жобасына республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл тұста 1115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде несие келісімі бойынша 7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2,5 млрд. теңге басым бағыттар бойынша қаржыландырылады, сондай-ақ, 73 ауылдық округ пен 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылмақ.

Жалпы өңір экономикасын дамыту мақсатында бірқатар ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Шардара ауданында жылына 1,5 мың тонна балық жемін өндіретін кооператив құру жоспарланған. Ал Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 2 мың тонна болатын макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу көзделген. Сонымен қатар Төлеби ауданында жылына 360 тонна шұжық өнімдерін өндіретін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу көзделсе, Келес ауданында тәулігіне 1,5 мың дана шұлық шығаратын өндірістік цех ашу жоспарланып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Жыл басынан бері зейнеткерлерге 1,8 триллион теңгеден астам зейнетақы төленген

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРЬЛЕРІНДЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНҒАН

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ 147 АЗАМАТҚА ЖАЛДАМАЛЫ БАСПАНАНЫҢ ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

azatmedia