Түркістан облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Б. Нарбекова Сайрам ауданындағы білім беру ұйымдарының басшылары және білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ «тәуекел тобындағы» оқушыларды ерте кезеңде анықтау тетіктері қарастырылып, мектеп директорлары мен жауапты мамандарға профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.
Кездесу аясында басқарма басшысы «ADAL BALA» цифрлық білім беру жобасын таныстырып, оны Сайрам ауданындағы мектептерде пилоттық негізде енгізуді ұсынды. Аталған бастаманы жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен жобаны іске асырушылар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сайрам ауданында пилоттық негізде жүзеге асырылатын «ADAL BALA» жобасы бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда:
- оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру;
- буллинг, зорлық-зомбылық, киберқатерлер мен лудоманияның алдын алу;
- суицидтік қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтап, олардың алдын алу.
Сонымен қатар платформада балалардың қауіпсіздігіне қатысты өтініштерді жедел жолдауға мүмкіндік беретін «SOS» модулі және аудан педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған арнайы оқыту бағдарламалары қарастырылған.
Кездесу қорытындысында білім беру ұйымдарының басшыларына балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды белгіленген тәртіпке сәйкес үйлестіріп, тиісті шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
Басты мақсат – әрбір баланың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім алуы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
