Түркістан облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызының жетекшілігімен Төлеби ауданындағы білім беру ұйымдарында әдістемелік жұмыстар жүргізілді.
Іс-шараға мектеп директорлары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтер, педагог-ұйымдастырушылар мен тәлімгерлер қатысып, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында төмендегі мәселелерге ерекше назар аударылды:
- Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
- Кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға, буллинг пен зорлық-зомбылыққа жол бермеу;
- Тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету;
- Балалардың психологиялық саулығын сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру;
- Мектептегі профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Жиын қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мамандарына профилактикалық жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі ұйымдастыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ әрбір баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытында тиісті әдістемелік ұсынымдар берілді.
Балалардың құқықтарын қорғау – тек жекелеген мамандардың ғана емес, білім беру ұйымдары, ата-аналар және тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен жауапкершілігі. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі үйлестіру, әр баланың жағдайына бейжай қарамау және туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар мұндай әдістемелік кездесулер мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, тәжірибе алмасуға және профилактикалық жұмыстардың сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыру маңызды.
Бала қауіпсіздігі – ортақ міндет, ал оның құқықтарын қорғау – әрбір маманның жауапкершілігі!
