Басты жаңалықтар

300 мың теңге. Кімдердің кредиті кешірілді?

Кредит

Azatmedia.kz ақпараттық порталы. 2019 жылы осы уақытта халықтың кредиті кешірілген болатын. Ал жақында депутаттар Үкіметке карантин кезінде табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған азаматтардың кредиетін кешіруге қатысты сауал жолдаған еді.

Өз сауалында депутат Айқын Қоңыров «Карантин кезінде, ресми мәліметтер бойынша, 4 миллион 200 мың адам жұмыспен қамтылмаған. Шын мәнінде, жұмыссыздық 46 пайызға дейін өсті. Бұл жұмыссыздық деңгейі біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған. Қазіргі дағдарыс тек санитарлы-эпидемиология ғана емес, сонымен бірге еңбек төтенше жағдайы болып табылады. Жағдайға сәйкес төтенше шаралар қажет. Бұрын халық тұрмыс техникасы, қымбат киім-кешек сатып алу үшін, түрлі отбасылық іс-шаралар үшін қарыз алатын. Қазір шектеу шаралары кезінде қарызды оқуға, емделуге, күнделікті киім мен тамаққа алып жатыр.
Елімізде шектеу шараларына дейін салықты дұрыс төлеген, жұмыс орындарын ашқан және карантин мен локдаун кезінде несие бойынша қиын жағдайға тап болған, өз құқығы шектелген қаржы институттарының қысымында қалу қаупі бар жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие амнистиясын жүргізу қажет» деген болатын.

2019 жылы 26 маусымда Президент Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Ол бойынша:

  • Көпбалалы отбасылар;
  • Асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
  • Мүгедек балалары барлар;
  • 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
  • атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
  • жетім балалар;
  • ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылғандар;
  • жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың кредиті кешірілді.

Жарлық бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейінгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төледі. Қарызы одан асатындардың аталған сомаға сай ақшасы кешірілетін болды. Осылайша 630 633 қарыз бен микрокредитті өтейтін 506 941 борышкер тізімі жасалды.

Ал биыл депуттар жолдаған сауалға қатысты экономист Бауыржан Ысқақов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында өз пікірін білдірді.

Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов мемлекет жыл сайын халықтың кредитін кешіре берсе, халық кредит алуын тоқтатпайтынын айтады.

«Былтыр Президент халықтың 300 мың теңгеге дейінгі кредитін кешіру акциясын жүргізген болатын. Ол бір жағынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың репутациясын көтерсе, екінші жағынан елдегі ауқымды мәселе болды. Дегенмен сол кезде бұл науқан дәстүрлі жағдайға айналып кетпеуі керек деп айтқан болатынмын. Егер жыл сайын халықтың кредитін кешіре беретін болса, онда халық кредит алуын тоқтатпайды. Осындай пікірлер де талқыланған болатын. Яғни өткен жылы ол бір реттік акция болатын. Басқа уақытта мұндай науқандар басқаша болуы керек» – дейді экономист.

Экономист статистика бойынша экономикалық белсенді 7 млн азаматтың басында несиесі бар екенін айтты: «Халықтың алған кредиті 3,5 трлн теңгеге жетеді екен. Азаматтардың шамамен 7 миллионы қарыз алған. Демек халықтың экономикалық белсендісі 9 млн болса, соның 7 миллионы несие алған.

Оның ішінде халықтың 40%-ы несиесін төлей алмай отыр. Айналып келгенде халық қарызға қайта батып кеткен. Өйткені олар бизнеске емес, кәдімгі пайдасыз дүниелерге несие алған. Сол үшін несие беретін органдарға, екінші деңгейлі банктерге, қаржылық органдарға осындай талапты көтеру керек. Айтып кеткендей, берілетін несиенің 80%-ы бизнеске, ал 20%-ы тұтынушылық несиеге».

Қатысты жаңалықтар

«Салт-дәстүрді әбден мазақ етті»: беташарда ақша шашқан танымал эстрада жұлдызын жұрт сынап тастады (ВИДЕО)

azatmedia

50 мың теңгенің кімдерге берілетіні белгілі болды

azatmedia

Кувейт әміршісі өмірден озды

azatmedia

Пікір қалдыру