Арыс қаласында жастардың белсенділігін арттыру, спорттық мәдениетті дамыту және жас буынның әлеуетін қолдау мақсатында «JAS DRIVE – Жастар қарқыны» атты спорттық жастар фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, спорт пен білім, мәдениет пен өнер салаларында жетістікке жеткен жас өрендермен жүздесті.
Фестиваль Қалалық Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті. Қатысушылар қатарында қаламыздың әр салада өзіндік қолтаңба қалыптастырып үлгерген жас чемпиондар, білім озаттары, шығармашыл жастар және белсенді еріктілер болды.
Шара Қалалық спорт кешенінде өтіп, түрлі бағыттағы локациялар бір мезетте таныстырылды. Шахматтан жүлде иеленген оқушылар партия көрсетсе, қол күресші спортшылар техникаларын түсіндірді, гір көтеру, үстел теннисі мен садақ ату бағытындағы өрендер өз шеберліктерін таныстырды. «Жас сарбаз» мүшелері әскери дайындық элементтерін көрсетті, ал пәндік олимпиада жүлдегерлері ғылыми жобалары мен жеңістерін ұсынды. Қала әкімі Қайсар Зәкірұлы барлық бұрыштарды аралап, спортшылар мен жас өнерпаздардың жетістіктеріне жоғары баға берді.
Фестивальдің маңызды бөлігі — «Әкім + Жастар» атты ашық форматтағы еркін диалог алаңы болды. Жастар қала өміріне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа жобалары мен идеяларын ортаға салды. Қала басшысы әрбір ұсынысқа жеке тоқталып, жастар бастамаларын қолдауға дайын екенін атап өтті.
Іс-шара бейресми форматтағы фуршетпен жалғасын тапты. Қатысушылар әкіммен еркін әңгімелесіп, ортақ мәселелерді талқылап, болашақ жоспарларымен бөлісіп, естелік суретке түсті.
Фестиваль соңында шараға белсене қатысқан жастарға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Өз сөзінде қала әкімі жастардың қоғам өміріндегі орны ерекше екенін айта келе, олардың алдағы жетістіктерге жетуіне үлкен сенім білдірді.
Фестивальдің өткізілгені жастар үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Бұл шара олардың спорттық, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін кең ауқымда танытуға жол ашты. Арыс қаласының жастар ресурстық орталығы мен жергілікті биліктің ұйымдастыруымен болған бұл іс-шара, жас ұрпақтың өз таланттарын көрсете алатын ортаны қалыптастырды. Әрбір қатысушы өз саласында жетістіктерін бөлісіп, тәжірибе алмасып, бір-бірінен шабыт алды.
Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың қатысуы да жастарға үлкен мотивация берді. Әкіммен тікелей диалог алаңы жастар үшін өзіндік ерекшелік болды, себебі олар өзекті мәселелерін қала басшысына жеткізіп, болашақтағы жобаларына қатысты ұсыныстарын талқылай алды. Бұл ашық алаң жастарға тек мәселелерді қозғап қана қоймай, жаңа идеяларды іске асыруға да мүмкіндік берді. Мұндай диалогтар жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың пікірін ескере отырып, жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашады. Фестивальдің соңында жас қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтардың берілуі олардың еңбегін бағалау мен болашаққа деген үмітін арттырады. Осындай іс-шаралар жастардың өз күш-жігерін дұрыс бағытта жұмсауына, қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік туғызады.
