Елордада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналып алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл шығармашылық жоба — жас таланттардың арманы мен дауысына қанат бітірудің жаңа алаңы.
Республикалық ән байқауында Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11 сынып оқушысы Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы 42 үміткер арасынан үздік өнер көрсетіп, «Жоғары санаттағы «Соло» номинациясы бойынша Гран при иеленді. Ерасылға Дубайға жолдама тарту етті.
«Көптеген қатысушы үшін бұл — үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Өнерге бейімі жоғары бұл оқушы жан-жақты талантымен ерекшеленді. Сахна мәдениетін, өнерге деген қызығушылығын және орындаушылық қабілетін ұдайы дамытып келеді. Ән айту тағы басқа да шығармашылық жұмыстарда белсенділік танытып, түрлі мектепішілік және аудандық іс-шараларда үздік нәтижелер көрсетуде. Еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі оның өнер жолындағы жетістіктерін айқындай түседі.
Ерасыл Әмірұлының жетістігі – тек оның жеке қабілетінің ғана емес, сондай-ақ ауыл мен оның тәрбиеленушілерінің үлкен еңбегі мен мүмкіндіктерін көрсете алатын айшықты мысалы. Арыс қаласындағы Достық мектебінің оқушысы ретінде Ерасыл өз өнерін көрсетіп, үлкен сахнаға жолдама алып, еліміздің мәдени өмірінде жарқын орынға ие болу жолында алғашқы қадамын жасады. Оның ән айтудағы таланты мен жан-жақтылығы, әсіресе түрлі шараларда үнемі көрсеткен үздік нәтижелері оның осы байқауда жеңіске жетуінің негізі болып табылады.
Бұл байқау, сөзсіз, оның өнер жолындағы маңызды белес. Бірақ, Ерасылдың жеңісі оның тек музыкалық қабілеттерінің ғана жемісі емес. Ол осы өнері арқылы көпшілікке қуаныш сыйлап, өзінің жеке дамуына да жол ашты. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен осындай жобалар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, олардың болашақта өз арманын жүзеге асыруына жол ашады. Бұл тек өнерді ғана емес, жалпы мәдениет пен білімді көтеретін үлкен бастама. Ерасылдың болашағы жарқын екені сөзсіз. Оның еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі оның әрі қарайғы жетістіктеріне кепіл болары анық. Ал Дубайға жолдама – бұл оның үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, оның дарындылығын әлемге танытуға да мүмкіндік береді. Қазіргі таңда көптеген жас дарындар өнерді тек хобби ретінде емес, өмірлік миссия ретінде қабылдауда. Жас әнші ретінде өз арманын орындап жүрген Ерасылдың жетістігі, ең алдымен, жастарға сенім мен шабыт береді.
