Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендері ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды құттықтаймын. Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында мемлекетук қайтарылған активтер есебінен Жібек жолы ауылдық округінің 5 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесі шамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы. Ауыз су құрылысын «FS Development Group» ЖШС жүргізді.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында жалпы 1 қала, 13 ауылдық округ бойынша 63 елді мекен бар. Оның ішінде, 50 елді мекен жалпы 79,3 пайызға орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда 13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, көрсеткіш 85,7 пайызға орындалды.
Осы жобаның жүзеге асырылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлкен ықпалын тигізетін маңызды қадам болып табылады. Өйткені, ауыз суға қол жеткізу – тек күнделікті қажеттілікті қанағаттандыру ғана емес, сонымен қатар қоғамдық денсаулықты қорғауға да маңызды рөл атқарады. Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылдық округіндегі тұрғындарға осы тиімді жобаның берері мол. Бұған дейін ауыз су тапшылығы мен сапасыздығы тұрғындардың өміріне біршама қиындықтар туғызса, енді олар жаңа жүйемен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ауылшаруашылық пен тұрмыстық қажеттіліктерге қажетті ресурстарды өз уақытында ала алады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында атқарылған бұл іс-шара өз символикасына ие, себебі ол тек материалдық игілікті ғана емес, елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын да көрсету мақсатында жасалып отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс нәтижесі. Бұл қадамдардың алдағы уақытта басқа да аудандарда жалғасатыны да айқын. Мұндай игі бастамалар Түркістан облысында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде жүзеге асырыла берсе, онда тұрғындардың өмір сүру деңгейі артып, еліміздің инфрақұрылымдық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарары сөзсіз. Жергілікті билік пен жеке сектордың ынтымақтастығының арқасында үлкен жобалар өмірге келуде, бұл өз кезегінде экономиканың әртүрлі салаларына оң әсер етеді. Сарыағаш ауданындағы бұл жобаның іске асырылуы қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін ескеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
